Бокстан Париж олимпиадасына жолдама алған спортшылар елге оралды

27

Ел асыға күткен бокстан олимпиада лицензиясының иегерлері туған жерге оралды. Шымкенттік спортшы Махмұд Сабырхан мен түркістандық Сәкен Бибосыновты жергілікті халық пен туған туыстары зор қошеметпен қарсы алды.

Бокстан Қазақстан қоржынына Олимпиада лицензиясын салған спортшылар туған жерге оралды. Қазақтың туын әлемде желбіретіп жүрген былғары қолғап шеберлерін Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірінің тұрғындары ерекше қошеметпен қарсы алды.

Мегополистің мақтанышы Махмұд Сабырхан Италияда өткен лицензиялық турнирде 4 қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ол бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алмау үшін барын салғанын айтады.

«Осы лицензияны жіберіп алғанда олимпиададан қалатын едім. Сондықтан рингке кірген кезде 3 раундты аянбай, аяғына дейін бокстасып, барлығын жеңіп шықтым. Енді Алла қаласа олимпиадада осы жеңісті қайталап, олимпиада алтынын алып келсем деген мақсатым бар», – дейді бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.

Ал түркістандық шаршы алаң шебері Сәкен Бибосынов төрт жылдықтың басты додасына 51 келі салмақта жолдама алды. Ол кіл мықтылар жиналған алаңда өз күшін көрсету оңайға түспегенін жеткізді.

«Париж олимпиадасына лицензия алуды қиындатып тастаған. Адам саны өте аз. Әлі мықтылардың бәрі лицензия алып үлгермеген. Ал мен 4 жекпе-жек өткіздім. Соның бәрінде жеңіске жетіп, лицензияға қол жеткіздім. Алла қаласа Токиода жіберген қателігіммен жұмыс жасап, Парижде қазақтың әнұранын шырқатқым келеді», – дейді Сәкен Бибосынов.

Лицензиялық турнирге әлемнің 113 елінен 600-ден аса спортшы қатысқан. Соның ішінде жүзден жүйрік шығып, Қазақстан құрамасы 5 жолдамамен толықты. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері әр жекпе-жектің қиын болғанына қарамастан, спортшылар үмітті ақтады дейді.

«Әрбір кездесу финалдық кездесу болды. Біздің жігіттер әрбір құрлық спортшыларымен кездесті. Сондықтан әрбір кездесу тартысты өтті. Жақсы дайындықтың арқасында жігіттер ел үмітін ақтау үшін барын салды», – дейді Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

54 келіде әлем чемпионы атанған Махмұд Сабырхан олимпиада ойындарына қатысу үшін өз салмақ дәрежесін ауыстырды. Соған қарамастан жақсы нәтиже көрсеткен боксшы Шымкенттік спорт шеберлері арасында екінші лицензиясының иегері атанды.

«Шымкент қаласынан бүгінгі таңда 2 лицензия алып отыр. Нысана көздеуден Никита мен бокстан Махмұд Сабырхан. Бірақ бізде әлі алда жарыстар бар. Күрестен біздің 3 палуанымыз Бішкекте өнер көрсететін болады. Соларға сеніміміз мол», – дейді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары мегаполистік спортшылар жалпы есепте 10-нан аса жолдама ұтып алады деп жоспарлап отыр. Ал әзірге ел мерейін асқақтатқан бокшыларымыз 2 апта демалып, байрақты бәсекеге дайындыған бастайды.