Депутаттар жол сақшыларын тәртіпке шақырды

235

Шымкентте жолаушылар тасымалдайтын көліктердің жартысына жуығы бағытқа шықпай отыр. Ал қалааралық бағыттарда заңсыз тасымалмен айналысатын автобустардың саны анағұрлым артқан. Айта кету керек, облыста орын алған жол апаттарының 80 пайызы солардың қатысуымен тіркеліп отыр. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен мәслихаттың тұрақты комиссияның отырысында мәлімделді. Депутаттар өңіріміздегі жол қозғалыс қауіпсіздігі бойынша біраз олқылықтарды ортаға салды.

Заңсыз тасымалдаумен айналысатын қаларалық автобустармен күресу күрделі болып тұр. Мұны жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы мәлімдеді. Жанға бататыны сол, дәл осындай автобустар жол апатына жиі ұшырайды екен.

Жүгенсіз кеткендерді тізгіндеуге тікелей құзырлы жол сақшыларының да бұл тұрғыда құрығы қысқа болып шықты. Тіпті, облыстың бас жол полицейі көпшіліктен көмек сұрап, өзінің дәрменсіз екенін танытты.

Заңсыз тасымалдаушыларды тізгіндей алмаған облыстың бас жол сақшысына осылайша қала сырты былай тұрсын, шахардың өзін тәртіпке келтіре алмай жатқаны баса айтылды. Өткен жылы облыста 1622 жол көлік оқиғасы тіркеліп, одан 472 адам құрбан болған. Биылғы көрсеткіш те көңіл қуантарлық емес. Оған кеше ғана Мақтаарал ауданында орын алған жол апаты дәлел. Базалық жабдықталуы мен қызметкерлер құрамы түгел басқарма енді бастан-аяқ есеп тапсырмақшы.

Сөйтіп, баяндама жасаған жол полициясы басқармасының бастығына сын ескертпелер айтылды. Жаппаров мырза жағдайды реттеймін деп уәдесін берді. Ал Тұрақты комиссия отырысында қаралған екінші мәселе былтырдан қалған нысандардың құрылысын аяқтау. Бұл мәселе бірауыздан қолдау тапты.