Еңбекші аудандық салық басқармасы мүлік және жер салығы бойынша қазына қорына 3 млн. 53 мың теңге жинауы тиіс. Бұл қарызы 10 мың теңгеден жоғары ауданға қарасты 62 үй қожайынының соңғы үш жылдан бергі берешегі.
Басқарма қызметкерлері кезекті ескерту рейдіне тағы шықты. Бірақ нәтиже шамалы. Көпшілігі салықшылар барған кезде үйде жоқ, не болмаса, қасақана есік ашпайды.
Негізінен Еңбекші аудандық салық басқармасы мемлекетке жыл сайын 54 млн. теңге салық өткереді. Бүгінге дейін оның 9 млн.дайы орындалған. Бұл ауданға қарасты 44 мың 235 үйден түскен салық. Ал салықтан жалтарып жүрген 2 мыңдай отбасының көпшілігі әлеуметтік ахуалы жақсы азаматтар дейді салықшылар.
Еңбекші аудандық салық басқармасының қызметкерлері өз салықтөлеушілеріне тиісті жарналарды осы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі қажетін ескертеді. Өйтпеген жағдайда олармен жұмысты сот орындаушылары жасайтын болмақ.