Оңтүстік Қазақстан облысындағы негізгі каналдар мен су көздері бірнеше жылдың ішінде толық жөндеуден өткізіліп автоматтандырылмақ. Бұл туралы «Оңтүстіксушар» РМК-ның директоры Сембай Сейсенов журналистерге берген сұхбатында хабарлады. Оның айтуынша мұндай жұмыстар осымен екінші жыл қарқынды түрде жүргізілуде.
Оңтүстіктегі ең негізгі үш канал «Достық», «Қарақұм» және «Арыс-Түркістан» 15 жылға жуық уақыт бойы жөндеу жұмыстарын көрмеген. Осыны ескерген мемлекет қазынадан жеткілікті түрде қаражат бөліп, тек қана жөндеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, аталмыш су көздерін толықтай автоматтандыру жұмыстарын да қолға алмақ. Өзбекстан арқылы Мақтаралға келетін су арқылы толығатын «Достық» каналында жаңғырту жұмыстарының алғашқы сатысы аяқталып та қойыпты. Енді Су ресурстары комитеті белгілеген жоспарға сәйкес биылғы жылдан қалдырмай каналды автоматтандыру ісі аяқталмақ. «Канал арқылы шаруа қожалықтарына берілетін суды реттеуші тығындардың 37-сі автоматтандырылады. Бұл жұмыстар Өзбекстаннан қанша көлемде су келетінін анықтап отыруға және тиісінше мониторинг жүргізуге септігін тигізеді. Бұл өте үлкен жоба болып отыр. Жылдың соңына дейін бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз деп отырмыз. Сол кезде кеткен су шығыны мен қажетті су мөлшерін толық анықтауға мүмкіндік береді», — дейді Сембай Сейсенов мырза.
Сондай-ақ, халықаралық «Достық» каналының жағалауы цементпен қапталмақ. Мемлекеттік бюджеттен аталмыш жұмыстарды жүргізу мақсатына 350 млн. теңге қаражат қаралған. Осылайша су шаруашылығының басшылары өңірдегі Мырзакент, Жетісай секілді елді мекендерді су тасқыны қаупінен арылтуға болады деп отыр. Бетон жамылғы сонымен қатар, судың тасымал барысындағы азайып кетуінен де қорғайды екен.
Арыс, Шардара аудандарының шаруаларына қажетті сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылқұм» каналы да жаңартылмақшы. 15 жылдан бері алғаш рет 100 километрге созылып жатқан каналдың табанына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Секундына 220 куб су ағыза алатын канал ондаған жылдар бойы аянышты әрі апатты жағдайға байланысты тек 170-180 куб су жіберіп келген. Жөндеу жұмыстарының арқасында бүгінгі таңда мүмкін болған 220 куб су жіберуге қауқарлы болып отыр. Келесі мақсат – қайта жаңғырту болмақ. Каналдың апатты жағдайда деп танылған бөлігін толықтай бетондау ісі қолға алынбақшы. Бұл жұмыстарды автоматтандыру ісін қосқанда «Достық» каналындағы секілді 2014 жылы аяқтау жоспарланған.
Ең ауқымды жұмыстар «Арыс-Түркістан» каналында жасалмақ. Естеріңізде болса көктем шығар алдында өңірде ірі су тасқыны орын алғаны белгілі. Сол судың көп бөлігін елді мекендерді су шайып кетпесі үшін облыстық әкімдік пен Төтенше жағдайлар Комитетіндегілер келісімді түрде амалсыздан «Арыс-Түркістан» каналына ағызып, ондағы бөгеттер бұзылып кеткен болатын. Осының салдарынан арнайы мемлекеттік комиссия 322 млн. теңге зиян келгенін есептеп шығарған. Қазіргі таңда бұзылған жерлер ақырындап түзетілуде. Сала басшылары мемлекет есептелген шығынды аударады деген сенімде отыр. Аталмыш жұмыстарды іске асыру мақсатында жұмысшылар жасақталған.
«Оңтүстіксушар» мекемесінің басшылығы «Арыс-Түркістан» каналын жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу барысында алдымызға бірнеше міндет қойып отырмыз дейді. Соның бірі су көзін каналдың ең шалғай нүктесінде орналасқан Сауран елді мекеніне жеткізу болып табылады. Бүгіндері жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Үшінші кезең бойынша мұнда да автоматтандыру жұмыстары жасалынбақ.
Каналдардағы аталмыш жұмыстарды жүргізуге мемлекет биылғы жылы орта есеппен алғанда әрқайсысына 350-500 млн. теңге көлемінде қаражат бөлген. Және де бұл мақсаты айқын әрі нақты бағытталған мемлекеттік инвестициялық жоба деп қаралып отыр. Таяу уақыттарда төтенше өзгерістер орын алмайтын болса бірнеше жылдың ішінді облыстағы каналдардың барлығы дерлік жөндеуден өтіп, халық игілігіне, шаруа, дихандардың қуанышына қызмет етпек.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.