Úı ANONS Ұлттық валюта — теңгенің қорғаныш элементтері туралы

Ұлттық валюта — теңгенің қорғаныш элементтері туралы

Қазақстан Ұлттық Банкi ұлттық валютаны қорғаудың жоғары деңгейiне қол жеткiзу және соның салдарынан қолдан жасауды қысқарту үшiн әлемдiк тәжiрибеде бар жаңа қорғаныш элементтерiне тұрақты негiзде талдау жүргiзедi.

Ұлттық валюта – теңгенің әлемнің басқа елдерінің ақша белгілері сияқты қорғаныш элементтерінің тұтас кешеніне ие. Қорғаныш элементтері банкноттарды дайындаудың әртүрлі кезеңдерінде енгізіледі: қағаз дайындау, арнайы бояу дайындау, арнайы мөрді пайдалану.

Ұлттық валюта – теңгенің әлемнің басқа елдерінің ақша белгілері сияқты қорғаныш элементтерінің тұтас кешеніне ие. «Сақ стилі» жаңа банкнот сериясы дизайнының тұжырымдамасымен жұмыс 2022 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Банкноттардың жаңа сериясының ресми анонсы 2023 жылғы 15 қарашада, номиналы 5000 теңгелік бірінші банкноттың айналысқа шығарылуы 2023 жылғы 25 желтоқсанда болды.

Бернард Касимов,  ҚР «Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалының жиынтық-экономикалық бөлімінің бастығы: «Қазақстан Ұлттық банкі банкноттар үшін жаңа микрооптикалық екі түсті қорғаныш жіптерін енгізген әлемдегі алғашқы ел болды. Бұл қорғаныш элементі банкнотты майыстырғанда немесе кері айналдырғанда қозғалыс әсерін тудырады. Мұндай әсер екі қарама-қарсы түстің өзара әрекеттесуі арқылы жүзеге асады және тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде, яғни полимерлік емес негізде ғана жасауға болады. Сонымен қатар, банкнот дизайнын толықтыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер мен есте сақтауға оңай 3D эффектісін беретін көлемді қорғаныш элементтері пайдаланылды. Бүкіл қорғаныш кешені «Сақ стиліндегі» банкнот дизайнымен үйлесімді жасалған».

Серияны жасау кезінде қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбектері мен материалдары зерттеліп, пайдаланылды. Банкноттардың жаңа сериясы «Сақ стилінің» бірегейлігін атап өтіп, ежелгі көшпенділердің дүниетанымының ерекшелігін, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын көрсетіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге қызығушылықты оятуға бағытталған.

Барлық жаңа банкнот қатарының бет жағында (тік композиция):

* «Өмір ағашының» жоғарғы жағында көкте қалықтап тұрған құсы бар қасиетті бұтақтың символикалық бейнесі (Бұл – «Алтын адамның» бас киімінің бір бөлігі);
* Спираль түріндегі «ДНҚ» тәрізді параметрлік декоративтік пішін – бұл заманауи өмір салтының табиғатпен және тарихпен үзілмейтін байланысын білдіреді;
* сақ стилін бейнелейтін ежелгі қорғандардың бірегей артефактілері табылған заттардың ішінен әр номиналға жеке жануар арналған;
* Негізгі бейненің артында қазақтың шеңбер түріндегі ою-өрнегі орналасқан, ол бірнеше мағынаны біріктіреді:
* «Қалқан» – құндылықтарды қорғаудың символы;
• ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы;
* Ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірдің символы.

Бернард Касимов,  ҚР «Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалының жиынтық-экономикалық бөлімінің бастығы: «Қазақстандық банкноттарда халық оңай танитын қорғау дәрежелері бар, бұл ретте оларды қайталау өте қиын. Бұлар – түс ауыстыратын бояулар, түс ауыстыратын жіптер, голограммалар, жоғары түсті суреттер және тағы басқалар. Тұтастай алғанда, қазақстандық ұлттық валюта — теңге әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болып табылады, банкнот өндірісі саласында бұл халықаралық қоғамдастықтар мойындаған факт. «Сақ стилі» жаңа сериясының негізгі мақсаты – ұлттық валютаның қорғаныш деңгейін арттыру, қолданыста ыңғайлы болуын қамтамасыз ету және Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын кеңінен насихаттау».

Сондай-ақ банкноттардың жаңа сериясының дизайны банкноттардың үлгілерін сұрыптау үшін оларды жарамды және тозған деп тану бойынша кассалық техника алгоритмдерінің ерекшеліктерін ескереді.

Жаңа банкноттарда сериялық нөмiрлердiң әрiптерi мен сандарының биiктiгi бiрдей болады (банкноттардың алдыңғы серияларында әртүрлi мөлшерлер қолданылған), бұл банкноттарды өңдеудiң жоғары жылдамдықты жүйелерiнде оқудың дәлдiгiн арттырады.

Бернард Касимов, ҚР «Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалының жиынтық-экономикалық бөлімінің бастығы: «Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың қатар айналымда жүру кезеңін 1 жыл деп белгілейді. Қажет болған жағдайда бұл кезең ұзартылуы мүмкін. Қатар айналым кезеңінде ескі де, жаңа банкноттар да заңды төлем құралы саналады және барлық төлемдер мен аударымдарда қабылданады. Олар шектеусіз айырбасталады және Ұлттық Банктің барлық филиалдарында, «Қазпошта» АҚ мен екінші деңгейлі банктерде еркін түрде ауыстырылады»

Қатар айналыс кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ тағы 3 жыл ішінде ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастайтын болады. Осы 3 жыл өткеннен кейін Ұлттық Банктің филиалдары ескі дизайн банкноттарын мерзімсіз айырбастауды жалғастырады.