Нұртас шағынауданының тұрғындары үшін бүгін қуанышты күн. Мұндағы 768 отбасына таза ауыз су берілді. Бұл жүйенің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, ауа райындағы қолайсыздықтарға байланысты мердігерлер жұмысты межелеген мерзімде тапсыра алмадық деп отыр. Бұл жөнінде тұрғындардың жанайқайын жауапты мамандарға жеткізген де едік. Кеш те болса, тілегінің орындалғанына жерлестеріміз разы. Таза суға қолы жеткеніне ақсақалдар қатты қуанды. Сәбилер де мәз-мейрам. Енді шағынаудан тұрғындары ауыз суды тәулік бойы үздіксіз пайдалана алады.

Шағын ауданға су жеткізу үшін қала қазынасынан 120 млн. теңге бөлінген. Бұл жобаның ерекшелігі, мердігер мекеме суды тұтынушыға дейін жеткізіп берді. Ол үшін 50 шақырым құбыр тартылды. Енді әрбір тұтынушыға жеке шот ашылады. Әзірге 260 отбасының ауласына құбыр тартылған. Болашақта олардың қатары 780-ге жетеді.

2007 жылы Сайрам ауданынан қала аумағына өткен барлық елдімекен тұрғындары таза суға қол жеткізді деуге болмайды. Қала әкімдігінің бұл тұрғыда жоспары ауқымды. Маусым айына дейін жобаға енбей қалған өзге аумақтарға қатысты жаңа жоба қолға алынбақ.

Нұртастағы су құбырын есепке алып, халыққа су беруді заңдастыру үшін «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-нің мамандары да келді. Айтуынша, алдағы жасалатын жобаларда да осындай келісім-шарт болса, кемшілікке жол берілмес еді.