ОҚО бейімдеу орталығына 20 кереует сыйға тартылды

447

Шымкентте игі шара орын алды.  Халық қалаулылары қайырымдылық жасауды жалғастыруда.  Ең бастысы, тозығы жеткен кереуеттен құтылған балалардың енді ұйқылары тыныш болады. Облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына 20 дана екі қабатты кереуеттер әкеп берді.

Жиһаз 580 мың теңге қаражатты талап еткен. Мұндай қуанышты оларға облыстық мәслихаттың депутаты, «Алтын дән» ЖШС-нің  директоры Бахарам Абдукаримов сыйлап отыр. Оның айтуынша, бұл игі бастама балалардың болашағына үлесін қосады.

Бахарам Абдукаримов, облыстық  мәслихаттың депутаты: «Әрине, игі бастамаға өзім бас болып отырмын. Себебі, қоғамның  қозғаушы күші — жастардың жанына қажеттімен қамтамасыз ету бізге жүктелген деп білемін. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаж жандарға көмектесуді де парыз санаймын өзіме. халық болып, ел болып, осындай балалардың болашағына алаңдауымыз қажет, сонда ғана олардың келешегі кемелді болады деп ойлаймын».

Орталықта бүгінгі таңда 4 жас пен 18 жас аралығындағы 52 бала тәрбиеленуде. Олар қаламыздағы №31 мектепте білім алады. Мұндағы тәрбиесіне 9 тәрбиеші-психолог маман жауапты. Өткен жылы қамқоршысынан айырылған Абдул-Фатих Нұржанұлы осында 2 бауырымен жеткізілген. Сондықтан, үйіндей болған ұяға халық қалаулысы тарапынан көрсетілген құрметке дән риза.

Абдул-Фатих Нұржанұлы, Облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі: «Шынымды айтсам, қатты қуанып отырмын. Біз бұрын-соңды мұндай кереуеттерде жатқан емеспіз. Ал қазір түніміз тыныш. Бұрынғыдай қысылмаймыз да. Кең әрі ыңғайлы кереует бізге тәтті түс сыйлайды. Алғысымды білдіремін Бахарам ағаға».

Ата-ана қарауынсыз  қалса да қоғам назарынан түспейтін балалар бүгінде мемлекет қамқорында. Жеткіншектерге материалдық көмек көрсетіліп тұрғанымен, көңілі жарым балақайларға келер күннің не берері беймәлім. Сондықтан, білімнің тереңін бойлап, ізденгенді жөн санайды олар.  Бос уақытында кітап оқып, келешегігің кемелді болатынына бек сеніммен қарайды.