ОҚО-да тұңғыш рет «Мемлекеттік тілді қолдау» форумы өтті

"Мемлекеттік тілді қолдау" форумы

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай «Мемлекеттік тілді қолдау» атты форум ұйымдастырды. Облыстың 15 ауданынан жиналған 400-ге жуық өзге ұлт өкілі аталмыш шараға қатысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысты.

"Мемлекеттік тілді қолдау" форумы

Балқия КӨМЕКБАЕВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы: «Мемлекеттік тіл — бұл басқа барлық өзге ұлттарды біріктіруші фактор. Бүгінгі форумға қатысып жатқан жастар, олар тілдің нағыз жанашыралары дер едім. Мемлекеттік тіл деген ұғым бұл әрбір елдің ең қастерлі, ең қадірлі асылы болып табылады. Қазіргі таңда өзге ұлттың 69 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген азамат. Ал облыс бойынша 87 пайыз азамат Қазақ тілін жақсы біледі. Өкінішке орай, қазақ тілді отбасы балаларының мемлекеттік тілді игермегендері көп. Біздің ойымызға «Мен Қазақпын» деген, «Мен Қазақстандықпын» деген азамат басқа елдегі азаматтар сияқты мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары болуға тиіс. Облыс әкімінің саясатының салиқалылығы сонда, ол кісі біздегі барлық өзге ұлттың 83 пайызына өз тілінде білім алуға, театрға, газеттеріне рұқсат беріп, жағдай жасап қойған. Мұндай жағдай басқа қай елде бар? Демократиясы жоғары саналатын Американың өзінде мұндай жағдай жоқ. Демек, өзгелерге осындай жағдайдың жасалып жатқанынан өзге ұлт өкілдері де қорытынды шығарып, өзі мекен еткен елінің тілін де құрметтеуі ләзім».

Жиын соңында форумға қатысушылар облысымыздың жастарына арнайы үндеу жариялады. Оның мәтінін жастар төмендегіше келтірген.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ ЖАСТАРЫНА
Ү Н Д Е У І

Біз, «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ» облыстық форумына қатысушылар, тәуелсіз еліміздің патриоттары ретінде Қазақстан бірлігін нығайтуға атсалыса отырып, бүкіл облыс жастарына үндеу жариялаймыз.

Біз Қазақстан қоғамының негізін қалаушы қазақ ұлтының тілі мен мәдениетін дамытуға бағытталған Елбасының салиқалы саясатын қолдаймыз.

Біз, қазақстандық жас ұрпақ жастарды «Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін салиқалы тіл саясатын» дамыту және жетілдіруге белсенді атсалысуға және «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекетік бағдарламасын» жүзеге асыруға лайықты үлес қосуға шақырамыз.

Еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуы бізден жан-жақты дамыған, бәсекелестікке қабілетті тұлға болуды талап ететіндігі айқын. «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасының негізгі бағыттарын іске асыруда үлкен жауапкершілікті сөзіне отырып, жастардың зияткер ұлтымыздың орасан әлеуетін құрайтынына сенімдіміз.

Бұл үшін әр жас қазақстандық білім алуға, мемлекеттік және басқа да тілдерді игеруге тиіс, өз елі мен жерінің өміріне белсенді араласып, бастамашыл болуы қажет. Біз осылай ғана елімізді нығайтамыз және келешекте оған тірек бола аламыз.

Біз, жастар форумына қатысушылар, қанымыз қазақ болмаса да туған жеріміз Қазақстан болғандықтан және осы елдің азаматтары ретінде мемлекеттік тілде қастерлеуге, оның күш-қуатын арттыра беруге шақырамыз.

Еліміздің тілі мен әдебиетін жаһандану үрдісінде өз қолтаңбасын айшықтай отырып, рухани келісімнің нығаюы мен ел тыныштығының кепіліне айнала берсін!

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шымкент қаласы
2012 жылғы 28 мамыр