Шымкентте «Қасірет» мемориалында арнайы митинг болып өтті. 1997 жылдан бері Елбасы Жарлығымен атаулы күндер қатарына қосылған бұл датаға соңғы мезетте ерекше мән беріліп келеді. Солақай саясаттың сан соқтырған салдарынан сызат түскен сәтке де 75 жыл болыпты. Ал ашаршылықтай алапатты бастан өткергенімізге 80 жыл толып отыр.

Таңсәріден «Қасірет» мемориалына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Алапат заманнан аман қалған асылдардың тұяқтарынан бөлек, облыс басшылығы, зиялы қауым және жастар шоқ-шоқ гүлін әкеп, құрбан болғандардың әруағына тағзым етті.

Қиянаттың қиындығын бастан өткерген саяси қуғын-сүргін ұрпақтарын осы жерден кездестіруге болады. Митингке келген олар зұлмат жылдардың зардабын еріксіз еске түсірді.

Зұлмат жылдары елімізде 113 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңнан астамы жазықсыз аталып кетті. Бір ғана Оңтүстік өңірінен «Халық жауы» деген жаламен 2500 азамат оққа ұшты. Алты миллион қазақтың тең жартысы ашаршылықтан қырылғанын қосыңыз оған. Қиянатшылдықтың қиямет кезеңге ұласқан сәтін ұмыту мүмкін емес дейді жиналғандар.

Митингтің соңы облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ сазды драма театрында арнайы ұйымдастырылған жиынмен жалғасты. Мұнда жиналғандар бүгінгі дата бар қазақтың басынан өткен қасірет өзінің ресми бағасын әлі алған жоқ деп есептейді.

Жиында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіндегі нәубет кезеңнен үзінді деректі фильмдер мен сахналық көріністер қойылды.