Шымкентте Ұлттық медицина холдингінің күндері өтуде

Шымкентте Ұлттық медицина холдингінің күндері өтуде. Аймақтағы медицина қызметінің сапасын арттыру, халықты жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамту және тұрғындар денсаулығын жақсарту мақсатында келген астаналық мамандар үш күн бойы тұрғындарды дәрігерлік тексеруден өткізіп, медициналық кеңестер береді.

С гепатиті диагнозы қойылған Зерегүл Бердиева дертінен айыққысы келеді. Сайрамдық тұрғынның облыстық клиникалық ауруханаға осымен екінші рет келуі. Бұл жолы сәті түсіп, гепатологиялық орталықтың жетекшісінің қарауында болып қайтты.

Зерегүл Бердиева, тұрғын: «Астанадан келген маманның қарауында болатынымды білмедім, бірақ жақсы маманның қолына түскеніме қуаныштымын».

2008 жылы Елбасының бастамасымен құрылған, академиялық орталық статусына ие Ұлттық медициналық холдингтің мамандары Шымкенттегі медицина мекемелерінде жүр осы уақытта. Халықаралық стандарттарға лайық болуды көздеген кәсіби мамандар осы үш күнде мүмкіндігінше мол аудиторияны қамтитын бірнеше шеберлік сабақтары мен лекциялар ұйымдастыруда.

 Бақытжан Бимбетов, гепатологиялық орталық жетекшісі: «Барлық жағдай жасалған диагностикалық аппараттар жақсы. Бірақ ғылым әрдайым даму үстінде. Сондықтан, жаңа технологияларды енгізу жолдары жайын әріптестерімізбен бөлісуге келдік».

Отандық медицинаның қызмет сапасын көтеруді мақсат еткен 27 білікті маманның ішінде Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының дәрігерлері де бар. Медицинада ізденіп, Америка, австралияда біліктілігін арттырған балалар хирургы Айпов Расулбек осы уақытқа дейін 40 баланы тексеріп үлгерді.

 Айпов Расулбек, балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы: «Балалар проктологымын. Шетелдерге барып тәжірибе алмасып келдім. Енді әдістерді енгізудеміз. Біршама қызық жағдайлар да кездесті».

Балалар хирургының «қызық» деп отырғаны сирек кездесетін туа бітті ақаулары бар науқастар. Оның екеуіне ертең шетелдік жаңа технология негізінде ота жасалмақ. Сирек жасалатын операцияның бірі тік ішегі бітеу болып тулған 3 айлық нәресте болса, бірі 12 жасар бала. Ал мұнда операция жасауға болмайтындар Ұлттық медицина холдингінің Астанадағы орталығына жіберіледі.