Шымкентте екі оқушы қатты соққыға жығылды. Текетіресте соққыға жығылған оқушының бірі есін жия алмай жатыр.
Қаладағы №39, №65 және №46 мектептің 9-шы сынып шәкірттері арасындағы текетірес соңы осылай аяқталды. Топтық төбелестен №46 мектептің оқушылары оңбай таяқ жеген. Қазір зардап шеккен шәкірттің бірі аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жия алмай жатыр.
Текетірес №46 мектептің стадионында болған. Тапатал түсте, екілер шамасында №39 және №65 мектептің оқушылары қонаққа келіп, ақша сұрайды. 40 шақты құрамы бар мейман топ стадионда ойнап жүрген құдастарына әлімжеттік көрсетеді. Оның соңы төбелеске ұласады.
Күтпеген қонақтарға қажетін тауып бере алмаған жәбірленушілердің аяусыз соққыға жығылғаны соншалық, сол кезде кеткен қан қара жерге әлі сіңбей тұр. Араға біраз уақыт салып, ұстаздар мен директор ажыратуға келген. Бірақ бұл кезде қанды төбелес тәмәмдалып қалған болатын. Ата-аналар мектеп басшылығы дер кезінде тиісті әрекетке көшпеген деп отыр.
Ауруханаға жеткізілген бірнеше оқушыға миы шайқалған деген диагноз қойылып отыр. Ал біреуі тіпті, жансақтау бөлімінде есін жия алмай жатыр. Бұл тұрғыда ата-аналардың ашынатын тұсы көп.
Ата-аналар мен мектеп басшылығы өзара пікір таластырып жатқан жерде білім ұясының кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы төбе көрсетпеді. Оның кабинеті тіпті, жабық тұр.
Мектеп басшылығы тергеу аяқталған соң мәселенің мәні түісінікті болады дейді. Қазір Еңбекші аудандық ПБ-і істі анықтауға кірісті. Бірақ ішкі істер департаментінде бұл оқиға тіркеуге алынбаған. Не де болса, ата-аналар қылмыстық іс әділ қаралып, жауаптылар жазасын алуы керек дейді.