Қала сыртындағы қоқыс полигонын қайта қалпына келтіру жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін. Мердігер «Ақ орда» корпарациясы биылғы жұмыстарға бөлінген 900 млн. теңгені толығымен игеріп, жұмыстың 80 пайызын атқардық дейді. Алғашқы жоба бойынша, жұмыстың барлығы қамтылмай отыр. Сондықтан оған тезарада өзгеріс енгізу қажет.
Қоқыс полигонында қолға алынған жұмысты толыққанды аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. 1 млрд. теңгеден астам қаржыға жасалған жобаға өзгеріс енгізілмесе, қалалықтар көк түтіннен құтылмайды. Мамандардың мәлімдеуінше, қоқыс тасталған аумақтың тең жартысы жобаға енбеген. Мердігер «Ақ Орда» корпорациясы бюджеттен қосымша қажетті қаржы бөлінбесе, жұмыс тоқтатылады деп отыр.
Осындай кедергілердің арқасында желтоқсанда аяқталады деген жұмыс тоқырап қалуы мүмкін. Оған әлі күнге дейін екінші полигонның жабылмауы да себеп болып тұр. Мұнда күніне 2 мың текше метр қоқыс қалдықтары төгіледі. Қаланың түкпір-түкпірінен әкелінетін қалдықтар өртелуде.
Сол маңға жақын орналасқан үй тұрғындарының қуанышы көпке созылмады. Аталған аумаққа қоқыс тастау тамыз айында тоқтатылады деп жоспарланған-ды. Сол уақытта Ташкент бағытындағы қоқыс қалдықтарын өңдейтін көптен күткен зауыттың құрылысы аяқталуы тиіс.