Шымкентте қауіпті індет тарауы мүмкін

Шымкенттегі Еңбекші ауданынан қауіпті індет тарауы мүмкін. Жергілікті тұрғындар осылай дабыл қағады. Мәселе олардың көршілерінің қоршаған ортаны ластауында болып тұр. Бордақыланған малдың ішкі құрылысын ақтарып, сол төңірекке тастай салады. Шыбын шіркей жайлаған аумақтан сасыған иіс қолқаны қабады. Еңбекші ауданындағы санитар мамандар қоршаған ортаны қорлап жатқандарға кезекті рет шара көруге тырысты.

Бұл жылғадан аққан бұлақ емес. Қара малдың ішек-қарнын тазартқан әк араласқан сасық су. Дәл осы қалдық су төтесінен тартып Жаңашек каналына апарып құяды. Осындағы екі бірдей отбасы малдың ішкі құрылысын тазартып, базарға өткізуді кәсіп еткен. Жуынатын шағын ванналарды астау ретінде пайдаланады. Үйдің ауласында да, сарайында да мұндай астаулар көпір.

Ал үй иелері жауапкершіліктен ат тонын ала қашты. Олар бұл кәсіппен бірер айдан бері айналыспаймыз деген сылтауға көшті. Бірақ каналға құйылған лас шайындыдан-ақ олардың күні бүгінге дейін осы іспен шұғылданғаны көрініп-ақ тұр. Алайда үй иелеріне шара көру қиынның қиыны болды. Өйткені айыппұл төлеу былай тұрсын, құжаттарын көрсетуден кейін қашады.

Еңбекші ауданындағы санитар мамандар бұл екі отбасына айыппұл салудан-ақ шаршапты. Бәрібір одан нәтиже жоқ.

Сөйтіп, екі отбасының кесірін Веснина көшесіндегі көп жанұя тартып отыр. Қолқаны қабатын сасық иіс пен шыбын-шіркей қауіпті індет ошағына айналуы мүмкін. Ал бұған табиғат қорғау прокуратурасы бас ауыртқысы да келмейді. Осы жолы шара көруге шақырылған прокуратура өкілдері мұнда төбе көрсетпеді. Ал учаскелік инспектордың тындырған тірлігі шамалы. Ол тіпті, бұл жағдайға байланысты қай баппен әкімшілік іс қозғауын да білмейді. Тек тірек пункітіне шақырумен әлек болды. Өкілеттілер ертерек қозғау салмаса, қауіпті індет қаптауы әбден мүмкін.