ПКОП экологиялық заңнама талаптарын қатаң орындауда

156

«ПетроКазақстанОйлПродактс» ЖШС-і БАҚ өкілдері, эко және қоғам белсенділері мен қызығушылық танытқан мемлекеттік органдардың мамандарына арнап «Ашық есік» күні іс шарасын өткізді.

Зауыт жұмысшыларының қауіпсіздігін қамту мақсатында қонақтар тарапынан барлық талаптар, әлеуметтік қашықтық сақталып, таныстырылым экскурсиясы ұйымдастырылды. Оның барысында қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы ҚР Экологиялық заңнамалары талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқан шаралармен етене танысты.
Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта құру және модернизациядан өтті.

Кәсіпорын мамандарының айтуынша зауытты жаңғыртудағы мақсат – жылына 6 млн. тоннаға дейін мұнайды өңдеу жобалық қуаттылығын қалпына келтіру, К4 және К5 экологиялық класты моторлық отынды шығару болатын.
Әбдіқадыр БАЙНҰРОВ, серіктес мекеменің басшысы: «Экология бөлімінің ұйымдастыруымен заводтың ішін көріп шықтық. Барлығы қазіргі заманның талабына сай, тазалау қондырғыларын көрсетті, керемет. Және бізді таң қалдырғаны ешқандай адам, көп персонал көргеніміз жоқ, барлығы негізінен автоматтандырылған. Адам факторы дейді ғой. Сол нәрсені азайтады. Кез – келген сондай оқиғаларға автоматика өзі әрекет етіп, процесті уақытында тоқтатады.  Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдайлар бар екен».

Жаңғырту барысында орнатылған қондырғылар қоршаған ортаға шығатын қоспаларды азайтуға, қалдықтарды орналастыруды қамтуға мүмкіндік беретіні қонақтарға оң әсер етті. Олар ПКОП жұмысын ҚР Экологиялық заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізіп жатқандығына көздерін жеткізді. Жаңа Экологиялық Кодекс талаптары күшейтілді. Сондықтан да зауыт басшылығы осы бағытта жұмысын жалғастырады. Табиғатты қорғау іс-шараларына сәйкес, алдағы 5 жылға үлкен жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Бағила ТҰРҒАНБАЕВА, «ПКОП» ЖШС табиғатты қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Біз биыл автоматтық жүйе мониторингіне жобалық-сметалық құжат әзірлеудеміз. Өйткені, Экологиялық Кодекс талаптарына сәйкес 2023 жылдан бастап 1-ші санатқа кіретін ірі кәсіпорындар өндіріс процесін автоматты режимде онлайн уақытында бақылау жүргізіп, барлық мәліметтерді экология департаменті мен жергілікті өкілетті органға жіберіп тұруы міндеттелуде. Сондықтан да ПКОП компаниясымен бұл бағытта жұмыс жалғасады. Біз алдағы 5 жылда пештерді жетілдірмекшіміз. Онда инжекторларды энергияны үнемдейтін конструкцияларға алмастыру қарастырылуда».

Зауыттағы технологиялық үрдіс бірегей автоматтандырылған бақылау жүйесіне бағынады. Жоғары деңгейдегі авариялық апатты қорғаныс қондырғыларды қолдану қауіпсіздігін қамтып, апатты жағдайлардың орын алуын азайтады. Ауаның ластануын жою мақсатында жұмыс аймақтарда көмірсутек газдары мен булары, күкіртсутектің құрамын тексеруге автоматты бақылау қарастырылған. Процестер мен операцияларды автоматтандыру жұмыс істейтіндердің қауіпті өндіріс факторларымен тікелей байланысын жояды.

Шынар Оразова