Шымкентті қарусыз қала етеміз. Осылай аталған акция бүгін аяқталды. Бір ай бұрын мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған шара №86 жалпы орта мектебінде қорытындыланды. Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күресу жолдары мен оның алдын алу жағы жан-жақты қамтылған акция нәтижесі белгілі болды.
Қарусыз қала етеміз деп ұрандатқан мектеп оқушылары автоматтардың муляждарын алаңға шығарып өртеді. Олардың бұл бастамасының да жөні бар. Өйткені, өткен жылдармен салыстырғанда биылғы оқу жылында жасөспірімдердің қатысуымен орын алған қылмыс көбейген. Оның басым бөлігі суық қарумен жасалған. Дегенмен, соның өзінде аса ауыр қылмыстардың қатары сирей бастапты. Осыған байланысты мектеп оқушылары өзара үндеу қабылдап, қатарластарын қарудан сақтандыруға тырысты.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, биыл жеткіншектердің араласуымен 153 қылмыс орын алған. Соның бірі өткен аптада мектеп ауласында оқушылардың жаппай төбелесінен бір шәкірттің ауыр жараланғаны туралы хабардар еткен болатынбыз. Осы оқиға үшін Еңбекші ПБ-нің үш инспекторы мен тиісті бөлім бастығы қызметімен қош айтысқан. Прокуратура өкілдері қылмыстың артуына иснпекторлардың жүрдім-бардым жұмысы себеп деп отыр.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюіне байланысты бұл акция әдейі ұйымдастырылыпты. Мамандар осындай насихат жұмыстарынан нәтиже болады деген үмітте.
Білім бөліміндегілер енді мектептердегі соңғы қоңырау салтанатына дайындалу үстінде. Сол күні күндіз-түні кірпік қақпай, шәкірттердің қауіпсіздігін қадағалауға бел буып отыр. Талапты бұзғандар қатаң жазаланбақ.