Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына тағы да тарту. Алматылық суретші Ахат Ахметтің кескіндемелік және Бақытжан Әшірбаевтың жеке фото көрмесінің шымылдығы түрілді. Екі бірдей шығармашылық иесінің көзтартарлық туындыларын тамашалауға қала жұртшылығы көп жиналды. Дәл осы күні балдырған суретшілердің тұсауын кескен өнер иелері арнайы сый-сияпаттарын да аямады. Бір ай бойы жалғасатын көрмеге суретшілердің біздің өлкемізге қатысты графика, кескіндеме және фотосуреттері қойылған.
Қос өнер иесінің облыстың торқалы тойына арнаған көрмесі келген қонақтарды бірден жаулап алды. Әрбір туынды оңтүстіктің тарихы мен тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Мұны көрменің тұрақты көрермені-Қымбат Қансейт бірден байқапты.
Қымбат Қансейт: «Керемет. Көрменің ұйымдастырылуында сөз жоқ. Мен Бақытжан ағаның өнеріне бас иемін. Үйренетін тұстары мол. Әрбір туындысы тұнып тұрған тарих.»
Облыстың бас сәулетшісі Бақытжан Құдайбергенұлы осы күнге дейін 6 мыңға жуық сурет түсірген екен. Оның 200-ін көпшілікке паш етті. Жастарға тәлім болсын деген ниетте, қос құрдас сурет байқауын ұйымдастырды.
Бақытжан Әшірбаев, ОҚО бас сәулетшісі: «Жастарға үлгі өнеге болсын деп, арнайы жас суретшілердің байқауын ұйымдастырдық. Қаламдарын ұштап, шығармашылығын шыңдасын деп, көрменің ашылу салтанатына шақырдық. Жастардың бет алысы да жаман емес. Жігерлене түскей».
Кәсіби суретші Ахмет Ахаттың жолын қуған жас балдырғандарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. 11 жасар Жания жеңімпаз атанды.
Жәния, жеңімпаз: «1-сыныптан бастап сурет сала бастадым. Өзім сурет салғанды жақсы көремін. Байқауды ұйымдастырған ағаларға рахмет. Өскенде осы кісілердей атақты болсам деп, армандаймын».
Өлкеміздің өткенін сыр шертетін көрме бір ай бойы көркемсурет галереясының төрінен табылады.