Шымкенттегі сақалды құрылысқа айналған Өтегенов көшесінің жолы тағы да қолға алынды. 2007 жылдан бері соғылып жатқан жолдың жобасын жасаған Астаналық компания еді. Мердігерлердің жұмыстарының шикілігінен нысанды уақтылы тапсыру осы күнге мүмкін болмай келді. Сағызша созылды. Енді аталған нысанды бітіру үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлініп отыр. Қыруар қаржы жұмсалатын «алтын жолдың» сапасын байқайтын күн алыс емес.
Ұзындығы үш шақырымға созылған Өтегенов көшесінің жолын салу 2009 жылы мемлекеттік жол картасы бағдарламасы аясында қаржыландырылған болатын. Алғашқы кезеңде бөлінген 500 млн. теңгеге жоба бойынша жер астынан өтетін көлемі 500 мм.-лік су құбыры да тартылуы керек еді. Алайда , ол ескерілмеген. Нәтижесінде жолдың бірінші қабатын төсеген Мердігер компания жұмысты тоқтатуға мәжбір болғанын айтады.
Төрт жыл бұрын жасалған алғашқы жобада жіберілген шикіліктерді жою үшін ол қайта қаралып, қаржы есептелді. Сөйтіп, жол астындағы су құбырын алмастырып, құрылысты аяқтау үшін қосымша қаржы бөлінді. Алайда, бұл жолы нысанды толық пайдалану үшін 1 млрд.-тан астам ақша қажет боп тұр. Бүгінде тоқыраған құрылысты қайта жалғастыруға кіріскен компания оны қазан айында тапсырмақ. Осы жолы қалалықтар көптен күткен күре жолды пайдалана алады деген сенім бар.