Түлектерді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған ұлттық біріңғай тестілеу биыл қиын болды деп шықты тестілеуден алғашқы күні тапсырғандар. Аты жағымсыз қиын тест сұрақтар барлық түлектерде кездесті. Онымен қоса, дұрыс құрастырылмаған сұрақтар мен есеп қисабы көп, логикалық есептер. Осындай сыннан өте алмағандар жинаған балын естігенде, ағыл- тегіл жылап жатты. Мен бұған лайық емес едім, өзіме сенімді едім деп, санын соғып қалғандар да кездесті. Өзіне, жауап парағына сеніп қалып, шектік балға да қол жеткізе алмағандар мен сәтсіздікке ұшырағандардың қатары көп бұл жылы.
Ал бармақтай бақ бұйырып, жүзден, жүз жиырмадан асырғандар бірен саран болмаса, өткен жылдағыдай көп бола қоймады. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сай бес күннің қорытындысы бойынша «Алтын белгі» белгісіне ұсынылған 1019 үміткердің тек облыс көлемінде 177-і ғана өз білімін дәлелдей алған. Жүзден жүйрік шыққандардың тек өздері ғана емес, ата- аналары да қуанышын жасырмауда.
«Мен жүзден асыратыныма сенімді болғанымен, 113 болады деп, ойламадым. Бұл менің жыл бойы оқып, дайындалғанымның нәтижесі деп білемін. Сұрақтардың елу пайыздан астамы бізге оқу бағдарламасында кездеспеген мәліметтер. Бірақ сәттілік күліп қарап, «Алтын белгімді» ақтап шықтым»,-дейді 113 бал жинаған №65 мектептің түлегі Асылжан Есберген.
Ал нағыз білімді талапкерлер қаламыздағы №43 мектепте оқиды. Тестті алғашқылардың бірі болып тапсырған білім ошағының үш оқушысы 120-дан жоғары бал жинап, өз білімдерін дәлелдеп шықты. 123 бал жинаған Нариман Жандосұлы тарих пәнінен тек екі сұраққа жауап бере алмапты. Оның бірі: әнші Роза Рымбаеваның концертте киген көйлегінің түсі қандай деген сұрақ?
«Маған Қазақстан тарихынан «Роза Рымбаеваның концертте киген көйлегінің түсі қандай деген сұрақ кездесті. Онда көк, көгілдір, қызыл деген бірнеше нұсқалары берілген. Бірақ мен ойланбастан біреуін белгілей салдым. Өйткені білмеймін ғой. Білген күннің өзінде де, бір емес бірнеше көйлек ауыстырады. Енді міндетті түрде оның концертін тамашалап, киген киімдерін де қарап жүремін»,- дейді 123 бал жинаған Нариман Жандосұлы.
Толғанысты, қобалжу мен қорқынышты бастан өткерген түлектерін мектеп директор мен сынып жетекшілері қуана қарсы алды. Оларды өзгелерге үлгі тұтады. Жыл бойғы дайындықтың жемісі деп біледі. Алайда 121 балды жинаған Ғазиз Сәрсебеков оқу бағдарламасында мүлдем кездеспеген сұрақтар да қалт кетіпті.
«Қазақ тілінен сұрақтар еш қиындық болмады. Қиналмастан жауап бердім. Жауап беруде күдік тудырған сұрақ Қазақстан тарихынан кездесті. «Абылай ханның шапанының қанша түймесі бар» деген сауалдың жауабын білмедім. Содан да қате кетуі мүкін»,-деген ойын білдірді 121 балды иеленген Ғазиз Cәрсебеков.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма»-ның кебінін киді ҰБТ.