«Қазақстан Халықтар Достығы» университеті Оңтүстік Қазақстан облысында аты ілтипатпен аталатын жоғары оқу орындарының бірі. Оның президенті Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков қоғам дамуының қазіргі жағдайында білім беруді дамытуға, білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыруға көңіл бөліп, ат салысып жүрген жан. Өмірін білім, ғылыммен өрнектеген ұлағатты ұстаз, ғылым атасы 70 жасқа толды.
Достықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан университет президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімұса Мұратұлының еңбегі еленгенін ел ғана емес, әлем мойындады. Академиктің айтулы 70 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциясына республикамыздың ғалымдары мен жоғары оқу орнының басшылары жиналғаны осыны дәлелдесе керек. Жиынға облыс басшысының орынбасары Әли Бектаевта қатысып, құрмет көрсетті.
Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары: «Әбекеңнің облысқа сіңіріп жүрген еңбегі ерен. Ғылым саласына сіңіріп жүрген еңбегі орасан. Облыстың өркендеуіне, жастардың тәрбиесіне сіңіріп жұрген еңбегі ұлан-ғайыр. Қолынан қаншама шәкірттер тәрбиеленіп шығып жатыр».
Жылы сөздер, жақсы тілектер. Әбір сахна төріне көтерілген азамат, Әбдімұса Қуатбековтың еңбек жолының жарқын, жастарға берер тәлімі мол екенін тілге тиек етті. Әріптестері қызыға да, қызғана да қарайтындықтарын мойындап, жандарында жақсы азаматтың жүргенін мақтан тұтты.
Сұлтанбек Бердібеков, тарих кафедрасының меңгерушісі:«Әбекеңнің бойындағы үлкен қаситтердің бірі, ол жастарға деген қамқорлығында. Ол әкелік және аталық ақылымен әрбір студент жасқа көмегін көрсітіп келе жатқан азамат. Ол тәрбиелеп отырған жастардың арасында 19 студент Қонаев стипендиясын алады».
Өмірлік жолын білімге арнаған ардақты жанның жеткен жетістігі де жетерлік. Болашағының іргесін бүгіннен бастап қалап, жас ұрпақтың білімге құштарлығын аттырудағы еңбегін кейінгі толқын шәкірттері де мойындайды.
Айгүл Нахипова, Халықтар достығы университетінің студенті: «Мен бұл кісіге өте қызығамын. Бұл кісінің жолын, еңбек сүйгіштігін берсін бізге. Мен жақында грантқа өттім. Грант иегері болдым. Әбдімұса Қуатбековке рахмет».
Мерейлі жетпіс жасқа толып отырған Әбдімұса Қуатбековтың отбасын Оңтүстік өңірі «Академиктер отбасы» деп те атап кеткен. Үлгі өнегесі мол ардақты жанның отбасы аман, дені сау болсын деп тіледік.