Күлімхан Қозыбай. Бұл есім ешкімге таныс болмауы мүмкін. Бірақ, Сайрам ауданында баласы бар аналар үшін «Қырғыз апа» деген ат тым жақын. Бұл ападан асқан емші жоқтай. Кішкентай сәби мазасызданып, көз өтіп ауырып қалса, дәрігерден бұрын іздеп баратындар көп. Емші апа бір түкіргеннен-ақ, дімкәс бала сауығып кететіндігін қайтерсіз?! Иә, біздің айтып отырғанымыз сол баяғы қырғыз апа…
Сайрам ауданы Қарасу ауылында тұратын қырғыз апа — Күлімхан бұл күнде 97 жаста. Қолынан қуат, жүзінен шуақ кетпеген қара кемпір әлі де тың. Дегенмен, биыл ағаш сүйеніпті. «Өйтпесіме болмады, мына өрісің кеңейгірдің артынан жүру керек, кешке дейін»-деп, кішкентай ғана шөбересі Ақжүрекке қарайды. Аяғы шыққан баланың үйде отыруы қиын, сондықтан апаның ермегі осы бала екен.
Апаның «қырғыз» атануы-ұлты қырғыз болғандықтан. Сонау ашаршылық заманында ел асып қазақ жеріне көшіп келіпті. Содан бергі мекені осы. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, 5 қыз,1 ұлдың ардақты анасы атанады. Перзенттерінен 20 немере, ал немерелерінен 32 шөбере сүйіп отыр. Ал апаның емшілік қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Бойындағы бұл қасиеті қазақ шаңырағына келін болып түскеннен кейін пайда болыпты.
— Емшілік қасиет әкем Қозыбайдың бойында бар болатын. Сол заманда колхоздың бастығы еді. Күндіз жұмыста, кешке жасырып адам қарайтын. Бедеу әйелдерді, баласы түсіп кеткендерді, сал болып қалғандарды оқып жазатын. Ол кезде тәуіпшілік дегенді өкімет естісе, қудалап жібереді ғой. Содан, сарай-сарайларда, адам көрмейтін адырларда дем салып жүретін,-деп емшілігі туралы сөз бастады. Біз ештеңе түсінбейміз, келген балалармен бірге жамырап ойнап жүреміз. Бір күні түс көрдім. Түсімде ақ киінген бір шал келіп, «Әй, қыз, тұр! Сен де бала қарап, тәуіп бол» деп жауырынымнан нұқыды. Жүрегім тас төбеме шығып, әкеме жүгіріп барып, көрген түсімді айтып бердім. Әкем үнсіз ғана отырды да, «қорықпа қызым» ол сенің атаң ғой,- деп басымнан сипады. Сол түстен кейін, жаным тыныш таппады. Қайта-қайта сырқаттана бердім. Ауырмайтын жерім жоқ. Жүгіріп жүрген дені сау қыз едім, сол түстен кейін әлжуазданып кеттім. Оның үстіне елге ашаршылық келді, жейтін түк жоқ. Әкем «қазақ ауылға барамыз» деп Қырғыздың Грозный деген жерінен бері қарай қазақтарға келдік. Көретін жарығымыз бар екен, мұнда жейтін нанымыз табылды. Біраз жыл өткен соң аштық қазаққа да келді. Бой үйреніп қалған жер болған соң сол заманды қазақпен бірге көрдік қой.
Қазақпен бірге көрдік деп отырғаны Әсембек есімді кісі. Осы кісіге тұрмысқа шығып, ата-енесінің сүйікті келіні атанды. Бірақ, атадан келе жатқан емшілік қасиеті бұл кезде де маза бермеді. Оның үстіне апаның енесі де осындай тылсым күштің иесі екен. Оған Қырғыз апаның «әруақтары» қосылады. Енесі соңғы сапарының алдында «Қызым, емшілікті үзбе» деген өсиет айтып кетіпті. Мойнына алмасқа амал қалмады. Содан бері Қырғыз апа назар тиген балаларға дем салады. Көтерген баласы төмен түсіп кеткен келіншектерді де оқып, баласын көтереді. 32 жасынан бері алған алғысы шексіз. Бір қызығы апаның алдына қайта-қайта келудің қажеті жоқ. Назар тиген балаға бір-ақ рет түкіріп береді.
Қырғыз апа алдына келген баланың екі шекесіне саусақтарын қойып, тамыр соғысын бақылайды. Балаға көз тигенін оның мандай тамырының шодырайып шығып тұрғандығынан және шалқалап жылауынан, тамыр соғысынан біледі. Оның айтуынша, көз кез келген адамға тие бермейді. Қаны тұщы адамдарға көз тигіш келеді екен. Ал балаға тіл де, көз де жақын. Қылықты болғандықтан, міндетті түрде назарланады.
— Өлім аузында жатқан баланы бері қараттым,-дейді апа әңгімесін айтып отырып. Қаладағы жұқпалы аурулар жататын ауруханаға түскен баланы «адам болмайды, алып кетіңдер» депті. Шешесі жылап-еңіреп, түн жарымда маған келіпті. Барсам, көзі жұмулы бала расымен де әбден қалжыраған екен. Көзіме бейнелер келді. Бірге оқып шықтық. Баланы қалдырды. Ертесіне әлгі бала доғдырларды таңғалдырып, адам болған ғой. Екінші күні байғұс шешесі тағы да алып кетті мені, тағы оқып бердім. Қазір жігіт болып қалған шығар ол бала-,деп күлімсірей қарады.
Қырғыз апа бүгінгі күннің емшілеріне күмәнмен қарайды. Іштеріне жел толтырып алып, кекіре береді. Әруағым бар дейді. Оттапты! Әруақ кекірте ме екен?! Жай көзбояушылық. Әруағы бар адам, оны жария етуден аулақ болуы керек. Көкірек сәулеңмен, көзіңе елес болып айтады әңгімелерін-деп сырын ашты.
-Апа, неге сіз ауырған баланы қарап отырып, оған ұрысасыз?-деймін. (Апаның алдына баламды алып барған кезім бар еді) Бір тісі де қалмаған аузынан ернін сылп еткізіп шығарып, кеңкілдей күлді.
-Бұл тұқымы көбейгірлерді осылай жақсы көремін ғой мен. Өйтпесем де болмайды. Назарды қайтару үшін айтам, жын-шайтанды қашырып, дертін аластаймын-дейді.
Иә, көз тию – тылсым сырға толы ежелгі наным-сенім. Адам жанының құпиясын зерттеушілердің көз тию тәрізді қазақ халқының ежелгі наным-сенімін терең талдап түсіндіруге әлі де өресі жете алмай отыр. Ал Қырғыз апа өз бойындағы қасиеті «көзім кеткенше өзіммен бірге, көзім кеткен соң ұрпағымның біріне қонады»- дейді және бұған кәміл сенеді. Назарланған баланы бір түкіргеннен «адам ететін» Қырғыз ападай болар ма екен?!
«Мен сияқты аузында бір тісі жоқ, 3-уі кем жүзге келген кемпір бол!-деген батасын алып, Қырғыз апаның үйінен алыстай бердім…