Облыс орталығы бұдан былай күл-қоқыстан көз ашпауы мүмкін. Оның себебі, бұрынғы қоқыс полигоны орналасқан аймақта рекультивация жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты жабылған. Ал, жаңадан қоқыс өңдейтін зауыт салынып, арнайы қоқыс тастайтын орын ашылуға тиісті аумаққа «жер телімі заңсыз берілген» деген шешіммен жұмысы уақытша тоқтатылған. Соның салдарынан қоқыс тиеген көліктер қоқысты қайда тастарын білмей, қаланы шыр айналып жүр. Қоқыс тастайтын полигон жоқ болған соң, ауладағы қоқыстың да шығарылмайтыны белгілі.
Мәселенің мәнісін тарқатып айтар болсақ, былай: шырайлы Шымкент атанған қаламыздың аумағы күн сайын өсіп, кеңейіп жатқаны белгілі. Жасыратыны жоқ, шаһарымызды көркейтуде атқарылып жатқан игі істер жеткілікті. Шымқалаға келетін қонақтарға көрсететін көрікті жерлеріміз де көбейген. Дегенмен қаланың сыртында орналасуы тиіс қоқысхана қазір қала аумағында қалып отыр. Себебі қоқысхана маңында соңғы оншақты жыл көлемінде 3-4 шағынаудан пайда болды. Бұл шағынаудандарға «Шырайлы Шымкент» дегеннен гөрі «сасық Шымкент» деген атау әлдеқайда жарасымды. Неге дейсіз ғой?
Қолқаны қабатын сасық иіс, құжынаған шыбындар мен қаңғыбас ит пен мысықтың мекеніне айналған Шымкент қаласының қоқысханасы аумағындағы тұрғындар түтінге тұншығып отыр. «Достық» шағынауданының тұрғындарының бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Қазіргідей шілденің шіліңгір ыстығында сасық иіс жылдың салқын мезгілдеріне қарағанда әлдеқайда арта түскен. Ал желді күндері тұрғындардың жағдайы тіпті қиын. Күндіз-түні өртелетін қоқыстың қою қара түтіні үйдің терезелерінен еніп, жиһаз бен төсек-орынды, үйдегі барлық заттарды майлы қара түтіннің ысына орайды. Есік-терезені қанша тұмшалағанмен түтінге тосқауыл жоқ, ол үйге кіреді. Бөлмелердің қабырғаларына қап-қара шылау тұрады. Түтіннен тарылатын тыныс өз алдына, құжынаған шыбын тағы тыным бермейді. Ал қоқысхананы мекендейтін ит-құстың ауру тарататынын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Осындай проблемаларды айтқан «сасық та шылаулы Шымкенттің» «жылаулы тұрғындарының» мұң-зары бір кездері басшылық құлағына жетіп, қоқысхана қаланың сыртына көшірілетін де болған. Тіпті қоқысты кәдеге асырып, қоқыс өңдеу зауытын салып, талай адам жұмыспен қамтылып қарық болатын болған еді. Дегенмен сегіз жылдан бері сағызша созылған қоқысхана құрылысын салу мәселесінің соңы сиырқұйымшақтанып, ақыры салынбайтын болып тынды.
Қоқыс өңдейтін зауытты Ташкент бағытындағы жол бойынан Ақтас елді мекенінің батыс жағынан 34 гектар аумаққа салу жоспарланған болатын. Зауыт құрылысы екі көзден қаржыландырылады делінген. Оның бірі бұл қоқыс өңдеу зауытын салуға тапсырыс беруші «Технология -21» ЖШС-і болса, екінші қаржыландыру көзі қала бюджеті тұғын. Айтып өту керек, қала бюджетінен қоқыс өңдеу зауытының құрылысына 283 млн. теңге жұмсау көзделсе, соның 21 млн. теңгесі өткен жылы игеріліп те қойған. Уақытылы қаржы бөлініп, құрылысы қарқынды жүріп жатқан қоқыс өңдеу зауыты қашан бітер екен деп жүргенде оның құрылысы бірден тоқтатылды. Құзырлы органдар жаңа қоқыс полигонына жер заңсыз берілгендігін анықтаған.
— Бұл қала үшін аса маңызды жоба, бірақ неге бұлай болғанын қазір түсіндіріп бере алмаймын. Себебі бұл мәселеге әзірге өзім де түсінген жоқпын. Неге екенін қайдам, қаланың тағдыры анықталатын шешімді облыс мәслихаты қабылдайды, — дейді Шымкент қаласының мәслихат депутаты Талғат Әмірбеков.
Қазіргі таңда тек қоқыс өңдейтін зауыттың ғана емес, оған жұмсалған қаржының да тағдыры бұлыңғыр күйде қалып отыр. Мәселенің мән-жайын ендігі жерде арнайы құрылған комиссия ғана анықтайды. Комиссия құрылып, өз жұмысына кірісіп те кетті. Оның мүшелері жерге берілген заңсыз құжат қалайша құрылыс жүргізгенге дейінгі барлық сатылардан өтіп кеткенін анықтауда. Бұл құжатқа қол қойған адамдар бұған қалай жауап бермек? Мемлекет қаржысына келтірілген шығынды кім өтейді?
Қазір қоқыс тастайтын ескі полигон жабылып, жаңа полигон әзірге салынған жоқ. Бәлкім, қоқысхананы салдырмауға мүдделі жандар бар ма екен? Жоқ Абай атамыз аударған «Аққу, Шортан һәм Шаян» деген мысалдағыдай біріміз ауаға, біріміз суға, біріміз құрлыққа тартып, «келісіп пішетін тонды келісе алмай келтертіп» жүргенде тұрғындарымыз түтінге тұншығып, шыбынға таланса, қаламыз қоқыс жейтін қаңғыбас иттерден зардап шегіп, эпидемия ошағына айналмасына кім кепіл?!
Қ. Қалауова.
Ал осы кезде…
Шымкент қаласындағы тұрмыстық қалдықтардың ескі полигонының 70 пайызында рекультивация жұмыстары жүріп жатыр. Ал жаңа полигонның мәселесі әлі де толық шешілмеген. «Дәл қазір қаланың тұрмыстық қалдықтарын ескі полигонға апарып тасудамыз. Онда бар-жоғы 4 гектар аумақ бөлінген. Сол тинақтай жерге қоқысты тасымалдап жатырмыз. Қатты қалдықтар сұрыпталмайды да. Полиэтилен қалталар, бір реттік қолданыстағы бөтелкелер түтіндеп жанып жатқаны. Күнде өрт шығып жатады десем артық айтпаймын. Күніне 300-500 тонна тұрмыстық қалдық тасымалдаймыз. Жаңа полигонның ауылы алыстап барады. Ал ескісін жауып тастаған. Қоқысты алақандай аумақтың қай жағына апарып тастарымызды білмейміз. Бұрын 21 га кезінде жұмыссыздардың көмегімен қалдықтар сұрыпталатын еді,»- дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің өндіріс бөлімінің инженері Сыбанқұл Сүлейменов.