«Асардың» өз саябағы болады

Шымкенттің Асар шағынауданындағы кешенді демалыс аумағының құрылысы аяқталды. Тапсырыс берушілер бүгінде тек осындағы нысандардың жер құжаттарын әзірлеу қалды деп отыр. Жұмысты «Ақ Орда» корпорациясы шілдеде кешенді демалыс аймағын көпшіліктің пайдалануына тапсырмақшы.

12 гектар аймақты алып жатқан кешенді демалыс орындары Асар деген бағанадан бастау алады. Мұнда ардагерлер алаңы мен 2 орталық даңғыл бойына орналастырылған ұлттық нақыштағы қырықтан астам элементтер алыстан көз тартады. 4 сквер және жастар алаңы тағы бар, сондай-ақ аймақта көпір мен жерасты өткелі де салыныпты.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 890 млн. теңге қаржы жұмсалған демалыс аймағы нағыз демалыс орны. Көпшіліктің көңлінен шығар тағы бір серуендейтін орынға — екі субұрқақ сән беріп тұр. Асарлықтар үшін көріктендіріліп, жасалған жұмысқа еріксіз таңқаласың. Мұны қонақтар да бағалап үлгерді.

Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында бой көтерген шағынауданда бүгінде мыңнан астам отбасы тұрады. Қандастарымыз қоныстанған елдімекенде көріктендіру жұмыстары да қарқын алған. Мұнда 10 мың түп ағаш көшеттері отырғызылған.