Бөлінген жерде құрылыс бастамағандардың меншігі мемлекетке қайтарылады

556

Ағымдағы жылы аумақтық жер инспекциясы ондаған талап арыздарды таратты. Оның 67-сі жергілікті атқару органдары шешімдерінің күшін жою жөнінде болса, 17-сі жердің заңсыз пайдалануын тоқтату бойынша. Жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерін түгендеуде аудан, қалалардан жер инспекциясы 8 мыңдай жер учаскесінің падаланбай жатқанынан анықтаған.

Өскенәлі ПАНЗАРБЕК, ОҚО бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы: «ҚР Жер Кодексінің 94 бабына сәйкес  бөлінген жерінде 2 жыл бойы  ешқандай құрылыс жүргізбеген азаматтардың жер телімі мемлекет меншігіне өтеді. Бір жыл мерзім бердік. Қазіргі таңда  1600-дей адамға ескерту жасадық. Бұл жұмыс жалғасады».

Соңғы жылдары жер дауының әсіресе, Шымкентте ушығып кеткенін барша жұрт біледі. Оның бірден бір себебі қаланың бас жоспарының ұзақ уақыт бекітілмегенінде. Салдарынан қаланың шекарасы нақты белгіленбеген тұғын. Оған қоса, қанша мораторий жарияланғанымен, жер қатынастары бөлімдері мен аудан, ауыл әкімдерінің жерді оңды солды таратуы белең алды. Сол үшін тиісті жазасын алғандар да болды

Өскенәлі ПАНЗАРБЕК ОҚО бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы: «Бұрынғы қала әкімі ескерту алды, ал жер қатынастары бөлімі мен қала әкімдігінің заңгері жұмыстарынан босатылды. Сондай ақ аудандарға тоқталсақ. Сарыағаш, Түлкібас аудандары әкімдерінің орынбасарлары   қызметінен босатылды. Тәртіптік ісі қаралып, тиісті  жаза алған мамандар да бар».

Жарты жыл ішінде 39 ауылдық әкімдіктері тексеріліп, 2 шенеунікке 33 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Заңның жергілікті жерлерде орындалуын қадағалап, жүзеге асыратын лауазым иелерінің өздері заң шеңберінде қызмет атқарса, келеңсіздіктерге жол берілмесі анық. Осы бағытта аумақтық жер инспекциясы білек сыбана еңбектенуге дайынбыз дейді.