Оңтүстік Қазақстан облысында «Батыс Еуропа-Қытай Батыс» дәлізін салып жатқан жұмысшылардың жалақысы 20 пайызға көтерілетін болды. Қытайлық «Синохайдро» компаниясының жұмысына жіті тексеру жүргізген еңбек инспекторлары мердігерлерге осыны міндеттеп отыр. Сондай-ақ компанияға жарты миллион теңге айыппұл салды.
Белгілі болғандай, компания еліміздің еңбек заңнамасын сақтамай келгені анықталды. Атап айтқанда, жұмысшылар келісім-шартта көрсетілгеніндей бес күннің орнына жеті күн жұмыс істеп келген. Келісімде көрсетілген 7 сағаттың орнына тәулігіне 11-12 сағаттап жұмыс істейтін азаматтар, демалыс күндері және кестеден тыс атқарған жұмысқа қосымша ақы төленбеген де. Ал мереке күндергі тіпті ескерілмепті.
Тексеру барысында жұмысшылардың жалақысы еңбегінен екі есеге дейін кем төленгені анықталды дейді ОҚО-ның бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бастар Есқараев. Арнайы жұмыс киімін беру былай тұрсын, санитарлық жағдайдың өзі сақталмаған дейді бас инспектор. Өндірістік жарақат алған азаматтар да жасырылған.
Бастар ЕСҚАРАЕВ, ОҚО Бас мемлекеттік еңбек инспекторы: «Бұдан бөлек, екі жазатайым жағдай жасырылған. Оған тексеру жүргізілмеген. Сондықтан жұмыс берушіге 4 әкімшілік шара көріліп, жарты миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Оған орындалуымен ұйғарым берілді».
Естеріңізге сала өтейік, осыдан бір ай бұрын жол салып жатқан 170 жұмыскер наразылық шарасын өткізген болатын. Содан кейін жүргізілген арнайы тексеру қорытындысымен жалақы да көтеріліп, еңбек заңдылығы да сақталатын болды.