Шымкент қаласының Абай ауданында қолға алынған 98 аула реттеліп, балалар алаңшасын салу жұмыстарының алғашқы легі аяқталды. Мамандардың мәлімдеуінше, барлық нысандар тамыз айында толығымен пайдалануға беріледі. Аудан әкімдігінің қызметкерлері сол алаңшаларда болып, атқарылған істің сапасын көріп шықты.

Биыл 10-ға жуық мердігер компаниялардың қолға алған жұмыстары қызу қарқынмен басталды. Ең алдымен, жұмыс көпқабатты үй тұрғындары мен аудан әкімдігінің көңілінен шығып отыр. Алайда, жұмыс енді басталды. Әлі атқарылар тірлік көп. Бастысы, іс сапалы болуы тиіс.

Өткен жылы осы ауданда 50 балалар алаңшасы салынып, ауланы көріктендіру жұмыстары қолға алынған болатын. Ол жұмыстарға тұрғындар қанағаттанған жоқ. Олардың тарапынан істің сапасына қатысты шағым көбейіп, ол биылғы жылы да қарастырылып жатты. Бұл тірлікке қалалық мәслихат депутаттары да араласқаны есімізде. Биыл бәрі керісінше болады деп сендіреді сала мамандары. Тұрғындар алғашқы жұмыстарға ризашылығын білдіруде.

Абай ауданындағы балалар алаңшасының құрылысына облыс бюджетінен 500 млн. теңге қаржы қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары өздеріне жүктелген тірліктің 70 пайызын орындап үлгерген. Аудан әкімдігінің берген ақпараты осы.