Cу тасқынынан зардап шеккендер наразы

361
сурет Тимур Джумабековтікі

Бадам елдімекеніндегі Боз Сәуір ата каналынан Қошқар ата өзеніне құйылатын қашыртқы арықтың суы көктемде тасып, осы маңның тұрғындарын біраз әбігерге салғаны бар.

Тұрғындардың баспаналарын аман алып қалуды көздеген жергілікті басшылар арықтың жиегін кеңейтіп, құм салынған қап тастап, бөгет болған көпірлерді бұзған еді.

Енді бүгінге дейін сол кезде берілген уәделердің бірі де орындалмаған, бұзылған көпірлер қайта қалпына келмеді деген көпшілік көшеге шығып, наразылықтарын білдірді.

Қашыртқы су ағатын арықтың екі жағалауын мекен еткен халықтың қатынасы болған 11 көпірі көктемгі су тасқыны кесірінен бұзылғаннан кейін жергілікті тұрғындар уақытша көпір салып алған.

Күн сайын таңертең осындағы балабақшаға баратын 120 балған ата-анасымен осы жермен өтуге мәжбүр. Бүгінде ол көпір көпшілік арасында қауіпті өткел деп аталып кеткен.

Көктемгі судан төнген қауіпті сейілту мақсатында қала басшылығы арықтың екі жағалауына 2 мыңнан астам құм қапталған қап тастап, арықтың түбін тереңдетіп қазу арқылы талай баспананы сақтап қалды.

Алайда ауылдағы жалғыз балабақша мен емхана ауласына су жайылып, ғимараттың қабырғаларын зақымдаған. Енді балабақша меңгерушісі келген шығынды кімнен өтерін білмей дал болып жүр.

Еңбекші ауданы әкімінің мәлімдеуінше, Бадам ауыл округінде осы тасқынан зардап шеккен үш үй бар. Олардың барлығын арнайы комиссия тексеріп, табиғи апаттан келген шығынның көлемі есептелген. Бірі республикалық, екеуі облыстық ТЖБ тарапынан өтеледі екен. Ал балабақшаға келсек мамандардың пікірінше ол зардап шекпеген.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда табиғат апатының алдын алу үшін қашыртқы арықтың екі жиегін бетондауға ЖСҚ дайындалу үстінде. Жоба аяқталысымен құрылысына қаржы қаралады.