Көлтоған шөлтоғанға айналды. Ордабасы ауданына қарасты Көлтоған ауылының шаруалары кімнен әділдік іздерін білмей сарылып жүр. Қазір мұнда 63 гектар жерге егілген арпа-бидай, дақылдар құрғақшылықтан қурап, құрып барады. Өйткені, егіндікті суғаратын ауылдағы «Р-6» арығы 10 шақты жылдан бері тазаланбай, қоқыс пен қамысқа толып, су ақпайтын жағдайға жеткен.
Осы ауылдың тұрғыны Амангелді Фазылдың арпа еккен алқабына келген сайын сағы сынып қайтады. Шаруаның еткен еңбегі көз алдында күйіп барады. Өйткені, Қараспан каналы арқылы ағын су келетін арықтың жолы жабылған, қамыс өсіп. Ал су жолын тазалауды ұйымдастырар жан жоқ. Еш тарап мойнына алмайды.
Амангелді ФАЗЫЛ, Шаруа қожалық төрағасы: «Менің өзімнің 40 гектар жерім бар. Соның 10-15 гектары жатыр. Айдауға қорқам. Былтыр 10 гектар бидай ектім да, су бермей қуратып тастады. Сол кезде айттым сумұрапқа, Әділбеков Тұрмаханға. Айналайын сен не үшін алып жатсын ақша дедім. Ол негізінде шылаулау керек, арықты тазалау керек, полямен суды әкеп беру керек. Сосын мен оған еңбегін беруім керек».
Суармалы судың тапшылығын ауылдағы 25 шақты қожалық та көріп отыр. Негізінен нәпәқасын егін егіп табатын ауыл тұрғындарының 4-5 жылдан бері жыр етіп жүргені осы мәселе. Ел болып арықты тазалап та көріпті. Бірақ нәтиже жоқ.
Мейрамбек АМАНТАЕВ, шаруа: «Егістігіме 5 мың түп қызанақ, 5 мың түп қияр ектім. Шығардым. Соған енді бала-шағаммен әбіржіп жүріп тасып жатырмыз. Арықта су жоқ. Құрғақшылықтан еккенімнің бәрі құрып, ұшып барады. Су болмаған жерде құрғақшылық жайламай ма? Не ол? Малға да шөп жоқ қой. Жауынды ауадан күтіп отырамыз ба Құдайдан, тасаттық жасап».
Ал «Р-6» арығын тазалау міндетін құзырлы орындар бір-біріне сілтеп әуре.
Барат ӘБДІКӘРІМ, Қараспан ауылдық округі әкімінің орынбасары: «Біздің құзырымызға кірмейді. Бұл мәселе жайлы су шаруашылығы мамандарына бірнеше рет сұрау салған хатпен бірнеше рет шықтық. Бірақ, ия дейді де жауапсыз қалдырады».
Су шаруашылығындағы мамандар болса, бұл сөзбен келіспейді. Олардың айтар өз уәжі бар.
Бекмолда ЖҰМАБАЕВ, «Арыс-Түркістан» каналы Бөген су қоймасының бөлімше бастығы: «Оны халық тазалайды. Мен емес. СТК Қараспан деген бар ғой. Сол кісілер басқарып отырып, қауыммен қосылып тазалу керек. Ол біздің қызметімізге жатпайды. Біздің қызметіміз қараспан магистраль каналының 25 км-не су жеткізіп береміз. Ары қарап оны стк қараспан таратады халыққа».
Қысқасы, шөлге айналған көлтоғанда 63 гектар құрдымға кетіп барады. Зығырданы қайнаған халық арызды қазір барлық жаққа боратып жазып жатыр. 1 мың текше метр үшін 360 теңге төлейміз деп шағымданған жұрттың жәйімен қаржы полициясы да айналысып жатыр айтуларынша. Ал бұл кезде олар есік алдындағы көкөнісін су тасып, суғарған болуда. Бірақ, шелектеген еңбек өне ме?…