Домбыра жасауды несібесіне балаған

Он бес жылдан бері қаншама атақты күйшілер мен өнер иелеріне домбыра жасап берген шебер Молдабек Сәдібеков келесі бір жаңа туындысын ақын, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановқа арнапты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөзді жадына ұстаған шебер қазағым, ұлтым деп жүрген ұлтжанды азаматтың  бірі және бірегейі Мұхтар ағаның мерейлі 70 жасына орай осылай сый жасамақ.

Тіл жанашырана өзінің алғысын білдіргісі келетін Молдабек аға ерекше үлгіде жасалған, көркемдік эстетикасы жоғары, безендірілуі әдемі, қазақтың киіз үйі мен қазақы бояуға қанық, оюланған ұлттық аспапты туылған күнін атап өтуде ұсынбақ.

Қазақпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан киелі аспап жасауды алғаш қолына алғанда Молдабек Сәдібеков не бәрі он бірінші сыныпты бітірген балаң жігіт болыпты. Алғашқы дүниесін пышақпен жонып жасаған оның ұсталықты таңдауына да Ақұштап Бақтыгереева ақын апамыздың бір шумақ өлеңі әсер етіпті.

Домбыра сынып қалған, тартуға жарамайды,

Жас жігіт мұң ұқпаған, қолға ұстап қарамайды.

Қария науқастанған тұруға жарамайды,

Жас келін ойқастаған  қал-жайын сұрамайды.

Күй қанша тартылмаған домбыра пернесінде,

Ой қанша айтылмаған сол қарттың кеудесінде.

Осы екі шумақ өлеңді оқып, шабыттанып, қолға алған кәсібін ұста несібесіне балайды. Қуантарлығы, іні‑бауырларын қасына алып, білгені мен түйгенін үйретуде. Ұста домбыраны жасай білуде, музыкадан да хабарың болу керек деп есептейді. Өйткені жасап шығарған дүниенің қаншалықты сәтті шыққанын тарта отырып, жүрекпен сезіне отырып бағалайсың. Сондықтан шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін кәсіппен айналысып қана қоймай, қоңыр үнімен баурап алатын наз дауысын сағынғанда бір шертіп те алады екен. Ұлттық өнердің өріс жаюына үлес қосып жүрген азамат одан әрі де ісін жалғастыра бермек.