Сыйлыққа домбыра беру сәнге айналған

528

Домбыраға тапсырыс берушілердің көбі сыйлыққа тартуды жөн санайды. 6 жылдық тәжірибесі бар шебердің айтуынша, соңғы жылдары домбыра сыйлау сәнге айналған. Оны қазақтың бас аспабына деген сұраныстың жоғары екенінен байқауға болады дейді ол.

Халықтың басым бөлігі домбыраны сыйлыққа алуды трендке айналдырып жатыр. 6 жыл ішінде 10 мыңнан аса домбыра жасаған шебер осылай дейді. Сондай-ақ, бүгінде қазақтың бас аспабына деген сұраныс артқан. Күніне кемінде 2-3 домбыраны иесіне табыстайтын Муталхан Байырбеков осы кәсіп арқылы айына 1,5-2 млн. теңге табыс тауып отырғанын айтады.

Сөзінше, тапсырыстың көп болуының сыры қазақы құндылығымызды заманға сай етіп жасауында екен. Мәселен, домбыраның ішіне микрофон орналастырып, өз қолтаңбасын жазып беруге болады дейді.

Муталхан Байырбеков, домбыра жасаушы шебер: «Қазақта бәрібір домбыра деген ыстық қой. Домбыра десе, бәрінің делебесі қозып, арқасы қозып бір күй шерткісі келіп тұрады. Мысалы, домбыра қазір сыйлыққа өте бағалы болып тұр. Оның үстіне біз атын жазып бере аламыз. Домбыраның бетіне әдемілеп. Сондықтан ол сыйлыққа, көбінесе тілек сөздерін, аты-жөндерін немесе ру таңбаларын өздерінң қалауы бойынша жазып береміз. Және ол өте керемет сыйлық болып жатыр».

Муталхан Байырбековтің әкесі мен бауырлары домбыра шертудің шебері. Алайда өзі әлі де білімін жетілдіруі керек екенін жасырмады. Ол аспап шебері болғандықтан емес, қазақ болғаным үшін кәсіби түрде үйренуім қажет дейді.

Айта кетейік, қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін шілденің алғашқы жексенбісі атап өтеді. Бұл мереке 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. Ал, үшінші мегаполис тұрғындары бұл туралы не біледі? Қазақы аспабымызды ұлықтап жүргендер бар ма?

Шымкенттіктерді бірі «Кішкентай кезімде үйренгем, бірақ домбыра күнін білмейді екенмін» десе, енді бірі «домбыра тарта аламын, негізі домбыра күнін нақты бір күнге бекіту керек сияқты, сонда бәрі біледі және жастар үйренуі керек деп ойлаймын» дейді. Ал тағы бір тұрғын «домбыра күні осы жазда, негізі домбыраны жақсы көремін, үнемі ұл қыздарыма үйреніңдер деп айтып отырамын»,-дейді.

Айта кетейік, бүгінде жоғары сапалы жаңғақ ағашынан жасалған бір домбыраның құны 65 мың теңгеден басталады екен. Бағасына сай бір жылдық кепілдік те беріледі.

 Мөлдір Ибадуллаева