Биыл әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 8 мың бала демалыс лагерьлеріне тегін жіберіледі. Оның ішіндегі 1720 оқушы Шымкентке қарасты мектептің оқушылары. Бұл былтырғымен салыстырғанда 400 балаға артық дейді қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева.
Олар үшін «Арман» және «Ақсу» лагері жұмыс істейтін болады. Жалпы облыс бойынша 2012 жылы 20 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарлануда. Толығымен жөндеуден өткен сауықтыру орталықтары, осылайша, 18 мыңнан астам баланы қамтиды деп күтілуде.
Сауықтыруға тегін жіберілетін оқушылардың бір мыңы «Ақсу» лагерінде демалады. Ол үшін қалалық білім бөлімі 20 млн. 640 мың теңге бөлген. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан өзге балалар «Арман» лагеріне жіберіледі.
Наталья РОМАНОВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры: «Біздің лагерь жұмысын бастауға 100 пайыз дайын. Менің қолымдағы мына құжатта мөрі басылуы тиіс мекемелердің барлығының рұқсат қағазы бар. Біздер қырым қанды безгегіне байланысты сауықтыру лагерін 2 рет залалсыздандырудан өткердік. Орталықтың көріктендірілу сәні де ойдағыдай. Биыл 6 маусым бойынша жұмыс істеп 6 мың оқушыны демалдырамыз деп жоспарлап отырмыз. Мен, біздің лагерьге балаларын сеніп тапсырған 50 мектептің ұжымы мен ата-аналарға рахмет айтамын».
Сөйтіп, облыстағы жөндеуден өткен 20 лагерь маусымның 2-нен бастап 17-не дейін оқушыларды қабылдауға дайын. Ол үшін жергілікті бюджеттен 86 млн.дай теңге қаралған. Дегенмен бұл қала бюджеті кірісінің бар болғаны 1,3 пайызын ғана құрап отыр дейді Жанат Арысбекқызы.
Жанат ТӘЖИЕВА, қалалық білім бөлімінің бастығы: «Егер бала лагерьмен қамтылатын болса, ол баланың жарты категориясын біз ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілмесе, біз оларға жазда киім алып береміз. Егер, біз 18 мың баланы бөлу үшін қаржыны есептейтін болсақ, бізге жергілікті бюджеттен бөлінген 1,3 пайыз қаржы жетпейді. 18 мың баланың бәрін қамтығымыз келсе, қалалық әкімдік кіріс бюджетінің кем дегенде 5 пайызын бөлуі тиіс».
Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, Шымкент қаласының әкімі:»1,3 пайыз қаржы ол, әрине, аз. Оны көбейтуге атсалысамыз. Балалардан аяйтын ештеңе жоқ. Бөбектерге жағдай жасау бәріміздің парызымыз. Оны ешкім жасырмайды. Бұл туралы орынбасарымыз екеуміз ақылдасып, тиісті шешім қабылдаймыз. Біз міндетті түрде бұл мәселені көтереміз. Жалпы қаржы кем дегенге 1,6-1,7 пайызға жеткізілуі тиіс».
Балаларды сауықтыру лагерьлеріне қатысты мәселе облыс әкімдігінде де талқыланды. Алайда бұл жиынға БАҚ өкілдері шақырылғанымен, дәл қазір өзекті боп тұрған тақырып журналистерсіз өтті. Себебін сұрағанымызда «ішкі ісімізде құпия көп» деп жауап берді басқармадағылар.