Шымкенттің лагерлері жазғы демалысқа дайын

1340

Маусым айының бесінен бастап жазғы лагерлер балдырғандарға есігін айқара ашады. Көлкент ауылындағы «Ақсу» демалыс-сауықтыру лагері қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын қабылдайды.

Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты лагерде жаз айында 1200 балғын демалады деген жоспар бар. Демалыс орнының ұжымы жазға демалыс уақытына сақадай саймыз дейді.

002

«Ақсу» лагері биыл алғашқы маусымда 200 баланы қабылдайды. Сауықтыру орталығында қызу жұмыс басталып кеткен. Бюджеттен бөлінген 3 млн теңгеге асхананың бүкіл жабдықтары мен балалардың жатын төсек-орындары толығымен жаңартылған. Ауызсу мәселесі толығымен шешіліп, аула көріктендірілуде. Демалыс аумағының көркін ашу үшін 3 мың түп гүл егіліпті.

Жалпы Шымкент қалалық білім бөлімі биыл әлеуметік тұрмыстары төмен, жетім және жартылай жетім 4,5 мың бүлдіршінді жаз айында лагерлерге тегін жібереді. Қалаға жаңа елдімекендердің қосылуына байланысты демалатын бала саны биыл көп.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7-im0h4uWWw[/youtube]

Бұдан бөлек қала ішіндегі оқушылар сарайының жанындағы «Балдаурен» лагері 600 баланы тегін қабылдайды. Онда келген балалар түрлі үйірмелерге қатысады, тарихи орындарға саяхат жасайды.

Нұрлан Жаңабай