Оңтүстікте тағы бір ана қайтыс болды. Өткен жұма күні 26 жастағы келіншек көз жұмған. Қазір дәрігерлер ананың не себепті дүние салғанын анықтауға кірісті. Сөздеріне сенсек, сол күні таңертең дәрігерлер келіншекке ота жасау арқылы босандырып алыпты. Шақалағын емізіп, өз-өзіне келген ананың түс қайта кенеттен жүрегі тоқтап, бақилық болған.
Қайғылы жағдай бұл жолы Кентаулық отбасының басына бұлт үйірді. Нәрестесін аман-есен дүниеге әкелген ананың арада біршама уақыт өткенде жүрегі қатты соғып, кенеттен тоқтап, о дүниелік болып кете барған. Дәрігерлердің өзі болған жағдайға таң қалып, күйзеліс үстінде жүр.
Мадина КӨКЕНОВА, Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: «Қазір бұлай деп нақты жауап айта алмаймын. Мұнда қазір министрліктен келген арнайы мамандар сараптама жұмыстарын жүргізуде. Сараптама қорытындысы екі аптадан соң белгілі болады. Содан соң ғана ананың өліміне не себеп болғаны жайлы толық ақпарат бере аламын. Ананың өзі бізге жеткізілгенде қан қысымы жоғары және денесінде ісігі бар болып келген болатын. Келіншекті ота арқылы босандыру кезінде де ешқандай бөтен өзгерістер байқалған жоқ тұғын. Тіпті, жас ананың шешесі келіп оған ыстық тамақ беріп те кеткен. Көз жұмған келіншек баласын да көкірек сүтімен азықтандырып үлгерген. Оқыс жағдай түс қайта кенеттен орын алды. Оның жүрегі қатты соғып, кенеттен тоқтап қалды».
37 апталық болып туылған қыз баланың жағдайы қазір жақсы дейді ақ желеңділер. Бүгін ғана әкесі бөбегін үйіне алып кетіпті. Дәл қазір онда министрліктен келген арнайы мамандар сараптама қорытындысын жүргізіп жатқанға ұқсайды. Екі апта өтпей, қандай да бір мәлімет беруден барлық тарап бас тартып жатыр.
Бұл шарана белгісіз жағдайда көз жұмған ананың тұңғышы екен. Еске салайық, өткен жылы Оңтүстікте 13 ана бала босану кезінде қайтыс болса, биылғы алты айдың ішінде-ақ осыншама келіншек көз жұмған. Тіпті, асып кетті десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені, жұма күні бақилық болған келіншек қаралы тізімдегі 14-ші ана болып тіркеліп отыр.