Ресейден өнерпаздарымыз олжалы оралды

Ақтоты мен Ұлдай

Шымкенттік өнерпаздар тағы да үздік екендіктерін дәлелдеді. Ресейдің Воронежь қаласында өткен төртінші халықаралық «Сиреневый май» конкурсына қаламыздан қатысқан үш оқушының екеуі жүлдемен оралса, бір оқушы лауреат атанып келді.

Үшеуі де қаламыздағы №58 мектептің оқушылары. Ақтоты Санат 5 пен 10 жас аралығы бойынша өз бағын сынап, «Болашаққа қадам» номинацияның бірінші орынын жеңіп алды. Екінші сыныпта білім алатын бүлдіршін «Бұлқынды жүрек » атты қазақ тілінде бір әнді және орыс тіліндегі «Маленькая странаны»  орындапты.

«Мен үлкен байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Сахнаға шығар алдында еш қорқыныш болған жоқ. Дайындық та жақсы болды. Сондықтан өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым  «Айгөлек» байқауына қатысу»,- дейді екінші сыныпты бітірген Ақтоты.

Ал 10 мен 17 жас ерекшелігі бойынша сынға түскен Қуаныш Амангелді екінші орыннан көрінді.  Бұл Қуаныштың алғышқы қуанышы емес. Өйткені ол бұған дейін 2010 жылы «Бозторғай» халықаралық балалар фестиваліне, 2011 жылы «Ақ көгершін»  конкурсына қатысып,  тәжірибе жинақтап алған. Ресейден келе сала, тынбай еңбектенетін Қуаныш шаһарымызда Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында өткен жақында ғана өткен республикалық «Балауса» байқауына қатысып,  тағы да екінші орынды жеңіп алды.

«Ресейде өткен конкурсқа 220 қатысушы қатысты. Мен бірінші орын аламын деп емес, дарындылығымды дәлелдеу үшін бардым. Аздап қобалжыдым. «Атамекен толғауы» мен «Белые розы» атты әнді орындап, жеңіске жеттім»,-деп, қуанышымен бөлісті Қуаныш.

«Біз үш ай көлемінде дайындалдық. Оқушыларымыз бәріміздің үмітімізді ақтап, мерейімізді тасытты. Жеңімпаз оқушылар үшінші күні гала концертте өнер көрсетті»,-деді музыка пәнінің ұстазы Ахмет Әлиев.

 

Жас таланттыларды анықтаған «Сиреневый май» өнер сайысына Молдава, Украина, Белорусия мен Қазақстаннан барған үміткерлер бақ сынаған. Жеңімпаздар қарсыластарының осал болмағанын айтуда. Бірақ біз де, өз еліміздің мәртебесін жоғары ұстап, жүлделі орыннан көрінгенімізге қуаныштымыз дейді өнерпаздар.

 

«Мектебімізде дарынды, өнерлі оқушылар көп. Мәселен былтыр ғана №58 «Үкілім -ай»        домбыра оркестрі  Берлинде өткен халықаралық фестивальге қатысып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Енді міне, тағы да мектебіміз бен облысымыздың намысын қорғап, бізге жеңіс сыйлады. Бұл бізді қуантады және олардың өнерге деген құштарлығын арттырады», -деген ойын жеткізді мектеп директорының  орынбасары Райхан Бұралхиева.