Шымкент әуежайына апатты жағдайда ұшақ қонды

Шымкент әуежайына апатты жағдайда ұшақ қондыБүгін «Эйр Астана» әуе компаниясы ұшағының Шымкент әуежайына апатты жағдайда қонуына тура келді. Әуе кемесі 111-рейспен Алматыдан Бакуге бағыт алған болатын. Оқиға күндізгі сағат 11:20 шамасында орын алған. Әуе кемесінің шұғыл қонуын жүк жиналған бөлігін кенеттен түтін қармағанынан болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр.

Әуежай алаңында апатты ұшақта отырған жақынын уайымдап, қайта-қайта телефон арқылы хабарласып жүрген Нилюфар есімді арудан мән-жайды білмекке талпындық. Түсіндіруінше, бортта отырған танысы ұшақтың жедел қонуы қажет болғанын сымтетік арқылы айтқан. Нилюфар Халықбердиева: «Ол маған хабарласып, Шымкентте жедел қонуымызға тура келді деп айтты. Біздің ұшақ жарамай қалды. Тысқа шығуға рұксат бермейді деді. Әскери ұшақтарды көргенде менің өзім үрейленіп кеттім», — дейді.

Ұшақтың бұлайша жедел қонуына не себеп болғанын әуежайда түсіндіретін жан табылмады. Ал жолаушылар болса, енді қашан, қайта ұшатынын білмей дал болды. Апатты қонған ұшақтың жолаушысының бірі Ришат Әлиев атты азаматпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Мәселенің мән-жайын сұрағанымызда ұшақтың басқарушылары да ештеңені дөп басып айта алмай жатқанын айтты.

«Біз енді қашан жететінімізді білмейміз. Қапаста қамап қою деген не деген сұмдық. Мұндай сорақылық, тіпті, әлемде жоқ қой. Тіркеуден өткізіп, жіберсе болады ғой. Сосын шақырса, келер едік. Мұнда балалар көп, қариялар да жетерлік. Бізге аяқ жазу үшін үстелдер әкеп берді. Оданда тамақтандырыңыздар талап етсек, шұжық пен нан берді. Ол қалай жұғым болсын!» деп азар да безер болды.

Жолаушылардың айтуынша, әуежайда бортта болған 80 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер лезде жетіпті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті де бұл ақпаратты растады. Зардап шеккендер жоқ.

Түс ауа белгілі болғанындай, жолаушылар кешкі сағат 05:00-дерде Бакуге қайта бағыт алыпты.