Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздеріне 20 жыл. Атаулы датаны атап өту үшін жоғары оқу орнының студенттері Тәуелсіздік саябағындағы Мемлекеттік Рәміздер алаңына жиналды. 4-маусымға белгіленген мерекелі күнді жастар жағы ел арасында осылайша насихаттауға кірісті.

Апта алдын ұйымдастырылған шараға Шымкенттегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Оған қалалық ішкі саясат бөлімі ұйытқы болыпты. Тәуелсіздік саябағындағы Мемлекеттік Рәміздер алаңына жиналған жұрт мерекелік шеруді осы жерден бастауды жөн көрген.

Мерекелік шеруге шыққан студенттер Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған үгіт-насихат парақтарын таратты. Тәуелсіздік саябағынан басталған шеру Орталық саябақтан тұйықталды. Жол бойы жүрген топты көріп, көшедегі қалың жұрт 20 жылдық мерейтойдың мерекелік күйін сезінді.

Осылайша Мемлекеттік Рәміздер күні қарсаңындағы шеру 20 жылдық мерейтойды насихаттауға арналды. Ұйымдастырушылар 4-маусымға дейін Шымкентте тағы біраз шара өтетінін айтады.