Бүгін 4-маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні. Биыл бұл атаулы датаны ел арасында ұлықтап жүргенімізге 20 жыл толыпты. Осынау мерейтойды атап өту үшін дүйім жұрт Тәуелсіздік монументі мен саябақтағы Рәміздер алаңына жиналды.
Тәуелсіздікке тәу еткен жұрт Рәміздер күні мерекесін дәл осы монументке гүл қоюдан бастауды жөн көріпті. Осыдан соң көк туды желбіреткен авто шеру Ордабасы алаңынан бастауын алды. Олардың ізін ала вело шеру қосылды. Мерейтойға мейлінше осылай ат салысқандарды қол бұлғап шығарып салған соң, думанды шара Рәміздер алаңында жалғасты.
Бауыржан Молдабеков, «Қуатты Қазақстан» ҚБ төрағасы: » Шараны біздің мекеме ұйымдастырып отыр. Аудандарда үгіт-насихат автокеруені өтеді. Осы мерекені жастар арасында насихаттаймыз».
Елдікті насихаттайтын шарада ерлігімен көзге түскендер марапатталды. Олар-тілсіз жаудан талай тағдырды құтқарған төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері, алтын құрсақты аналар және мылтықсыз майдандағы жазушылар қауымы. Жиналған жұртты Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтаған облыс басшылығы бүгінгі мерекенің маңызы мен мәні ерекше екенін атап өтті.
Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары: «Осыдан 20 жыл бұрын1992 жылы Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін ту етіп көтергеннен кейін, Тәуелсіздіктің символы ретінде мемлекеттік рәміздерін қабылдап, оны дүниежүзіне паш етті».
Мерейтой соңы патриоттық әндер концертіне ұласты. Ал ұйымдастырушылар Мемлекеттік Рәміздерге арналған атаулы датаны насихаттау мұнымен шектелмейді дейді.