Шымкентте Рәміздер күні ерекше аталып өтті

42

Шымкентте рәміздер күні аталып өтті. Ордабасы алаңына жиналған жұртшылық жаппай әнұранды шырқап, көк туымызды көкте желбіретті. Ал шара соңы автокөліктер шеруіне ұласты.

Ордабасы алаңында шымкенттіктер жаппай әнұранды шырқады. Себебі бүгін ҚР мемлекеттік рәміздері күні. Ән салған ардагерлер мұндай шаралар еліміздің патриоттық рухын көтеретінін айтады.

Серікбай Оңбаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің ардагері: «Өзіміздің әнұранды шырқап тұрған бүлдіршіндердің көзінен от жалын сезіліп тұрды. Сондықтан бүгінгі рәміздер күні барлығы үшін өте маңызды мейрам. Барша қазақстандықтарды мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк туымыз көкте желбірей берсін»

Айта кетейік, ерекше мерекеде күні кеше жеңіске жеткен «Ордабасы» командасы жанкүйерлерімен бірге Қажымұхан стадионында «Менің Қазақстаным» әнін орындап, көк туымызды көкте желбіретті.


Ал осыдан бір айдай бұрын Ташкенттің төрінде жерлестеріміз әлем чемпионы атанғаны бәріміздің жадымызда. Ал марапаттау салтанаты сәтінде жанкүйерлер әнұранды хормен толық айтып шығып, барша жұртты сүйсіндірген еді.


Мерекелік шеруге қатысқан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан сондай жан тебіретер сәттен рух жинап, шабыт алғанын айтады.

Махмұд Сабырхан, бокстан Әлем чемпионы: «Мен еліміздің көк туын әлемдік аренада желбіретіп жүрмін. Мұны мақтан тұтамын. Әлі де талай рет еліміздің атын шығарамын деген ойым бар. Ташкентте өткен әлем чемпионатында жанкүйерлер қатты қолдады. Мен шыққанда әнұран тоқтап қалса да, барлық зал болып хормен айтып шықты. Маған деген қолдауын сезіндім. Патриоттық сезімім оянып, көзіме жас алып қалдым»

Әскерилер мемлекеттік рәміздерді ерекше сән салтанатпен Ордабасы алаңына алып шығып, көк байрағымызды көкке көтерді.


«Біздің еліміздің рухын көтеретін, бірлікке, ынтымақтастыққа шақыратын мерекеге қатысқанымызға қуаныштымыз. Мереке құтты болсын»

«Еліміздің Рәміздері күні құтты болсын. Мен Ту, Елтаңба, Әнұранымызды ерекше құрметтеймін. Бұл елдігіліміздің белгісі. Ал мереке Отанымызға деген құрметтің белгісі. Еліміз аман болсын» – дейді қала тұрғындары

Мерекелік шара автокөліктер шеруіне жалғасты. Мұның басты мақсаты мемлекеттік рәміздер еліміздің дербестігі мен мұқалмас жігерінің белгісі екенін барша жұртқа паш ету.


Ордабасы алаңынан бастау алған авто шеру Бәйдібек би алаңына дейін жалғасты. Қала тұрғындары патриоттық рухқа толы бұл керемет көріністің куәсі болды.