Елімізде медициналық жедел жәрдемнің көмегіне әрбір төртінші адам жүгінеді екен. Өкініштісі, сол төтенше жағдайға тап болып, ауыр жарақат алғандардың оқиға орнында көз жұму жиі кездеседі бізде. Мұның басты себептерінің бірі ретінде жедел жәрдемнің оқиға орнына дер жетпеуі деп топшылдайтындар да жоқ емес. Бұған қала көшелеріндегі көлік кептелісі, көпқабатты үйлер ауласынан көліктердің жүруіне жағдайдың жоқтығын қосыңыз.
Осындай тұжырымды саралай келе, «Жедел жәрдем» қызметін көзбен көріп, санадағы мәселені көңілге түюді жөн деп таптық.
Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясына жол тартқанымыз да содан. Күзетші үшінші қабатқа жол сілтеді. Біз келгенде күндізгі сағат 12.00 шамасы болатын. Станцияның бас дәрігері Әбдімәжит Мұстапаев жайдары кісі екен. Келудегі мақсатымызды айтқан бізді шұғыл бөлімге ертіп барып, меңгеруші Шолпан Оспанованың қол астында болуды тапсырды. Осылайша күні бойы дәрігерлердің, оның ішінде жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысымен етене танысуға мүмкіндік туды. Аз уақытта барлығын көріп-білу мүмкін емес. Дегенмен, осы уақыт аралығында мен көп нәрсені түсіндім…
Шақырту-қабылдау бөліміне түсіп жатқан көмекке зәру тұрғындардың қоңыраулары толастар емес. Қатар отырған 5 азаматша телефон шалғандарға жауап қатып, ақпарды компьютерге енгізуде. Шетте отырған апайға жақынырақ барып, «бір нәрсе сұрасам бола ма» деп едім,
— Қоя тұрыңыз, шақыртуға жауап беруім керек-деді.
Шынында да телефон тұтқасының арғы жағында тұрған жанның өтініші дәл қазіргі сәтте маңыздырақ. Бірер минуттан кейін Гүлсім Мырзалиева уақыт тауып мән-жайды түсіндіре бастады.
— Осы бөлімде диспетчер болып қызмет еткеніме биыл 26 жыл болды. Бұрын шақыртуларды қағазға жазушы едік, енді бірден компьютерге енгіземіз. «Жедел жәрдем» қызметінің дер кезінде келуі үшін хабарласқан адам нақты мәлімет беруі керек.
— Нақты мәлімет дегеніміз не?
— Кейбіреулер мекенжайын дұрыс айтпайды. Әсіресе, пәтер жалдап тұратындар, қалаға қонаққа келгендер өзі тұрған жерді білмейді. Мұның өзі біраз уақытты алады. Мысалы, дәл қазір жаңадан бой көтерген шағынауданнан хабарласып жатыр. Ең болмағанда дәрігерлерді күтіп алатын жеріңізді айтыңыз деп, егжей-тегжейін сұраймыз. Оның үстіне кейбірі денесінің қай жері ауырып жатқанын нақты білмейді. «Тезірек келіңіз!» деп айқайлай береді. Ал мен «жедел жәрдем» жіберу үшін науқас жайында толық ақпаратты білуім керек. Есін біледі ме, құсып жатыр ма, мас па барлығын хабарласушы нақтырақ айтса болды, қажетті бригаданы жібереміз.
Иә, көмекке зәру науқастың қай жері ауырып жатқаны диспетчер үшін аса маңызды. Соны анықтағаннан кейін дереу қажетті бригаданы жібереді. Одан кейін аға диспетчерлер бұл мәліметті басқа бригадаға жолдап, қосымша рация арқылы хабарлап отырады. Қазіргі уақытта, мамандардың айтуынша, әдеттегідей жүрек-қан тамырлары мен қан қысымында ауытқуы жиі байқалатын, созылмалы аурулары бар азаматтар жедел жәрдем көмегіне көп жүгінеді екен. Бұған біз де куә болдық.
Жедел жәрдем бригадасымен шыққан бір шақыртуда біз қан қысымы көтерілген қарияның үйіне бардық. Ұлты орыс әжей есіктен кірмей жатып, айқайға басты.
-Сендер келемін дегенше, о дүниеге аттанып кетсем қайтер едіңдер?! Отырасыңдар шәй ішіп індеріңде!
Апаға қарасаң сап-сау сияқты (алып ұшып барғанымызда мұндайды менде күтпеген едім)
-Қан қысымыңызды өлшедіңіз бе?-дейді жанымыздағы мейірбике сыпайы ғана.
-Ой, қараң қалғыр, сендерді неге шақырды дейсің, өлшеп кетіңдер! Бұл сендердің жұмыстарың!
Білгеніміздей жәй «жедел жәрдемді» қан қысымын өлшету үшін ғана шақыртқан екен. Мұндайларға не дерсің? Осындайда өзге жақта қаншама көмекке мұқтаж жан өлім аузынан қалар ма еді деген ой келеді.
— Міне, көрдіңіз бе? Біздің бригада қан қысымын өлшеуге емес, «шұғыл шақыртуларға» баруы керек. Мұны қоя берші, кейде жұдырық ала жүгіретінін қайтерсің. Тіпті, жалған ақпар беріп шақыртатындар да көп,- деді шағымданғандай болып бригада дәрігері Гариф Гаджиев.
Әжейдің қан қысымын өлшеп, жүрегіне электрлі кардиография жасап, ине салған дәрігер оған денсаулығын күтіп, ұсақ-түйек заттарға уайымдамау туралы кеңес берді. Одан кейін қайта жолға шықтық. Келесі шақыртуды сол жерде күту қажет екен. Өйткені, дәл сол уақытта сол шағынауданнан шақырту болып қалуы мүмкін. Расында да 10 минут өтер-өтпестен сол маңдағы мекен-жайды келесі шақырту алдық.
Жалпы, 103 нөміріне телефон шалушылар саны өткен жылғымен салыстырғанда 500-ге көбейіп отыр дейді жедел жәрдемдегілер. Мәселен, былтыр дәл осы уақытта күніне 800-ге тарта шақырту түссе, бүгіндері ол цифр 1200-1300-ге артқан. Мұны олар жазда келетін қонақтар қатарының өсуі мен қала аймағынының кеңеюімен де байланыстырады. Оған жалған ақпар берушілерді қосыңыз. Биыл телефон шалғандардың 3%-ы солардың үлесінде.
Бүгінгі таңда екіқабат әйелдердің үйде босану жағдайлары көбейген. Тіпті, қайтыс болған адамға да жедел жәрдем шақыртты кейбіреулер. Бірақ, адамдар бұл уақытта дәрігер емес, полицейді шақыру керегін ескермейді.
Қалалық жедел медициналық көмегінің диспетчерлік қызметі күніне қаншама қоңырау қабылдайтынын жаздық. Дәл қазіргідей шақыртулар бұрын-соңды болмаған. Оны шұғыл бөлімнің меңгерушісі Шолпан Осанова да нақтылады. «Иә, бұрындары кейде шай ішуге уақыт табылатын. Ал қазір бригада дәрігерлері шақыртуға жиналып жүріп, нан салып қана үлгереді аузына», -дейді ол.
Біздің бригада базаға оралды. Мен дәрігер емеспін, бұл мамандықтан хабарым жоқ, дегенмен, енді адам жанына араша тұратын ақ халатты абзал жандардың қиын да қызықты, жауапты кәсібі туралы сәл де болса мәлімет алғандай болдым.
Герой: Шолпан Оспанова, шұғыл бөлімнің меңгерушісі:
— Ең алдымен айтарым, жедел жәрдем шақырғанда өз орнымен шақырса екен.. Емханаға қаралатын шамасы бар адамдар жедел жәрдемге оңды-солды хабарласпаса деген өтінішіміз бар.Герой: Гариф Гаджиев, жедел жәрдем қызметінің дәрігері:
-Бірнеше сағат мекенжай іздеп, уақыт өткізіп аламыз. Оның үстіне, жұдырық ала жүгіргендер де кездеседі. Қайтыс болған адамға жедел жәрдем шақыртпайды. Біз ешқандай анықтама бере алмаймыз.