Шымкентте жолақы қымбаттайды

Шымкентте жолақы қымбаттады. Маусымның 15-нен бастап 45 теңге, қыркүйек айында 50 теңге болып белгіленбек. Қоғамдық көліктердегі жолақы құнын маусымның 10-ы күні өтетін қақалық мәслихаттың кезекті сессиясында халық қалаулылары қарайтын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің жиынында мәлім етілді.

Жылдан астам уақыт бойы жиналыстарда жыры таусылмаған жолақы құнын көтеру мәселесі шешілетін түрі бар. Жолаушылар тасымалдаушылар саласындағылар жыл бойы жыларман халін жеткізіп жүріп, ақыры баға қымбаттайтын болды.

«Десек те, 45-50 теңге болып бекітілуінің өзі жолаушылар тасымалының жыртығын жамай алмаймыз. Бірақ қалалықтардың қалтасын қақпайық, елге салмақ салмайық деген ниетпен осы бағаны бекітпекпіз»-деп мәлімдеді Шымкент қаласының әкімі Қайрат Құсейінұлы.

Иә, әкім айтса айтқандай, жолақы құнының көтерілуі керектігіне көпшіліктің де көзі жеткендей. Бірақ сол жаңа баға жыртыққа жамау бола алса?!

«Бүгінде Шымқалада 1300-ден астам қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Соның қазір тек 70 пайызы ғана түрлі бағыттарда қатынауда. Яғни күнделікті 650 — дей ғана көлік күнделікті қалалықтарға қызмет көрсетуде. Бұл дегеніңіз қоғамдық көлік қызметі күннен-күнге сапасы кейін қарап төмендеп ьара жатыр. Бұл мәселені тездетіп қолға алмасақ болмайды»- дейді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қайыпұлы.

Ал, әкімдіктегілер алғашқы уақытта қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы 45 теңге, ал үш айдан соң 50 теңге болады деп отыр. Мұның өзі халықтың қамы дейді қала әкімі Қайрат Құсейінұлы. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының төрағасы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, студенттерге жол жүру билеті мен мектеп оқушыларына 50 пайыздық жеңілдік жасау мәселесін тиісті орындар қарастыруда екен. Десек те, Оңтүстікте қоғамдық көліктің сапасына деген сын көп. Тұрғындардың басым бөлігі жолақының қымбаттағны жөн делік, тек сапа жақсарып, көлік жүргізушілері мен кондукторлардың жолаушыларға деген құрметі болса деп тілейді. Қала жолдарында жолаушыны молырақ жинау үшін өзара жарысып, қауіпсіздіктен гөрі қалтаның қамын күйттегендердің әрекетіне елдің көзі үйренгелі қашан?! Аялдамаларға жеткенде қария ма, бала жетектегендер ме қарамастан, мал тоғытқандай итере-митере автобустан түсіріп тастап жататыны да шындық.

Мұның бәріне жолаушылар тасымалдауышлардың айтары бір-ақ нәрсе: «Бар мәселе ақшаға келіп тіреледі дейді». «Береке К и Т» ЖШС-нің төрағасы А.Сәбденов: «барлық қызметкерлерге жолаушыларға деген құрмет көрсетіп, мәдениетті болуға айтып отырамыз. Десек те,бізде таңдау жоқ. Өйткені, жұмыс ауыр, кәсіби мамандар қоғамдық көлік жүргізуге келе бермейді. Таңдау жоқ»-дейді.

Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте жолаушылар тасымалдайтын мекемлердің жұмысының заңдылығы туралы айтылды.

«Қызметтің өз деңгейінде көрсетілмеуіне жолаушыларды тасымалдаушылардың өздері де кінәлі. Салықтан жалтаратындар көп. Әрқайсысы жұмысын заңдастыра білсе, бәрінің ұтары көп», дейді облыс басшысы.

Сөйтіп баға қымбаттады. Көпшіліктің көкейінде қызмет деңгейі қашан көтеріледі деген сауал туындары анық. Жолаушылар тасымалдаушылар қолдағы барды ұқсатып биылғы қыстан аман-есен шыға алсақ болды. Келесі жылдан бастап қызмет сапасының жақсаратынына сендіріп отыр. Бұл бір күнгі жұмыс емес екенін ескерсек те, жолаушылар жолақының қымбаттауымен қоғамдық көліктің сапасы мен санының артатынына сенімін жоғалтпайды.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Жолақы көтерілуі керек. Бұған көзіміз әбден жетті. Бірақ жолаушылар тасымалдаушылардан талап етіуіміз керек. Салығын төлеп, қызметтерін заңдастыру керек. Әйтпесе 35 теңге болды не, 45 теңге болды не… жағдай жақсара қоймайды. Салықтан жалтарғысы келетіндер жұмысын заңдастырмастан түскен қаржы қалтаға кетіп жатыр. Салығын төлесін, жұмысын заңға сәйкес атқарсын, тсосын мемлекет тарыпнан субсидия берейік».

Дархан Қаюпов, «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «15-маусымнан бастап Алматы қаласында жолақы құны 80 теңге болып бекітілмекші. Біздің кәсіби біліктілігі жоғары көлік жүргізушілермізден айрылып қалуымыз да мүмкін. Себебі, Алматылық жолаушыфлар тасымалдаушылардан шымкенттік тасымалдаушылардың жұмыс ауқымы артық болмаса, аз емес. Республика бойынша барлық облыс орталықтарында қоғамдық көліктер қызметіне жергілікті әкімдіктер арнайы ақша бөліп, дотация, субсидия беріледі. Ал бізде ондай жоқ».