Шымкентте облыстық опера және балет театрында «Little miss SHymkent-2012» сұлулық сыны өтті. 5 және 12 жас аралығындағы балғындар қатысқан байқауда кішкентай сұлулар 5 номинация бойынша сынға түсті. Өзін-өзі таныстыру, өнер, авангард киім үлгісі, пародия, кешкі киім үлгісі талаптары бойынша 7 қыз бала, 2 ұл бала бақ сынасты.
Өнерлі де талапты бүлдіршіндер арасында 1-ші орынды Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның оқушысы 7 жасар Нұрай Сәрсенова Болатқызы жеңіп алды. Енді ол 30 маусым күін Алматы қаласында өтетін республикалық байқауда Оңтүстіктің намысын қорғайтын болады.
Нұрай оқу озаты, онымен қоймай үлкен теннис мектебінен кәсіби білім алады. Ә.Юсупованың көркем гимнастика мектебінде білікті жаттықтырушылардан тәлім алуда.
«Мен байқауларға қатысып, өзімді шыңдағанды, бағымды сынағанды жақсы көремін. Өйткені ешқандай қиындықтан қорықпаймын,»- дейді бүлдіршіннің өзі.
Айта өту керек, балғындардың сұлулық және таланттар сайысына кіл мықтылар қатысты. Әсіресе, «пародия» атлымы бойынша 12 жасар маржан Рахымбердінің «Чарли Чаплин бейнесін бұлжытпай бейнелесе, ал Нұрай өзінің сыныптасы Әділет Сұлтанбекпен бірге Ресей жұлдыздары Алла Пугачева мен Максим Галкинге пародия жасады. Әлемдік жұлдыздар Бейонсе, Селена Гомес, Элвис Преслимен қатар қазақтың Роза Рымбаева сынды танымал тұлғалардың кейпі мен орындаушылығын дәл орындай білген балғындарға залға жиналғандар дән риза болды.
Тағы да айрықша айта кетер жәйт, авангард киім үлгісінде бүлдіршіндер қиялдың байлығын паш ете білді. Бір реттік қолданылатын стакандардан, ленталардан, полэтиленді пакеттерден, фольга, құрылыс материалдарынан, т.б. толып жатқан қызықты материалдардан ел көрмеген киім үлгілерін көрсете білді кішкентай жұлдыздар .
Нұрай «Miss Butterfly» атты киім үлгісінде 150 көбелектен жасалған көйлек киіп шықты. Көбелектер журналдар мен түрлі қиындылардан жасалған. Көйлекті туыстарымен бірге бір апта бойы жинап шыққан.