Тышқан тістеп алмасын…

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының тұрғындары үрейленіп отыр. Себебі аймақты егеуқұйрық басқан. Өткен аптаның өзінде атжалманның азуына іліккен 5 тұрғын дәрігер көмегіне жүгінуіне тура келген. «Тышқан тістепті» деген сөз естіген құлаққа түрпідей тиері рас. Кеміргіштер түрлі ауру таратушылар қатарына жатады, олар тіпті құтыру кеселін де жұқтыруы мүмкін.

Кеміргіштердің кемірмейтін заты, жүрмейтін жері жоқ. Тамақ талғамайтындары сонша, жиһаз, кілем, тері, керек десеңіз сабынға дейін мүжіп тастайды. Оған тез көбейетін қасиетін қосыңыз. Мысалы бір ғана егеуқұйрық жылына 75-78 рет балалайды екен. Ал ең қауіптісі-жұқпалы ауру тарататындықтарында. Атап айтар болсақ, лейшманиоз, оба, сүзек, туляремия сияқты аурулардың тасымалдаушысы.

Аты да заты да жаман бұл тышқандардан тұқымдастары да қалыс қалмайды. Кәдімгі үй тышқанының өзі де бірнеше аурудың ошағы болуы мүмкін. Жылына 80-ге жуық ұрпақ «өрбітетін» бұл кеміргіш көбіне азық-түлік өнімдерін бүлдіреді. Үйде тышқан болды дегенше, күрделі мәселеге тап болдым дей беріңіз. Себебі, тышқан атаулы өздерімен бірге бірнеше түрлі қоздырғыштарды алып жүреді. Осы күнге дейін ғылым тышқаннан тарайтын аурудың 20 түрін тауып, дәлел мен дәйек келтірді. Бұл мақұлықтардың Гиннес рекордттары кітабына «ең қауіпті кеміргіштер» номинациясы бойынша бірінші болып енгенін айтсаңызшы?! Сондықтан, тышқан тістеп немесе тырнап алған оқиғаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы бек мүмкін. Төменде тышқан арқылы жұғатын аурулардың біразына тоқталып өтпекпіз.

Лептоспироз
Бұл адамдар арасындағы өте қауіпті ауру. Өршіген тұста өлімге әкелетін жағдай 16%-ды құрайды. Көбіне су арқылы жұғады. Кеміргіштер былғаған суда «лептоспир» деген қоздырғыш вирус дамып, ластанған суды пайдаланған адамның тері қабаты зақымданады. Аурудың алғашқы белгілері науқастың дене қызуының 39-40°С-қа дейін көтерілуімен, қалшылдауымен, басының қатты солқылдап ауыруымен, ұйқысыздығымен, мінезінің күрт агрессивті жаққа ұласуымен байланысты.

Листериоз
Бұл дерт көбіне шаранадағы бала үшін қауіпті. Егер жүкті әйел абайсызда осы дертті жұқтыратын болса, іштегі ұрықтың дамуы мен дені сау болып туылуы мүмкін емес. Егер белгілі бір жағдайда адамды аурудың қоздырғышын алып жүрген тышқан немесе егеуқұйрық тістеп не тырнап алатын болса, адам міндетті түрде 100% аталған дерттің құрығына ілінеді. Тіпті иммундық жүйесі өте күшті адамның өзі ауырып қалады.

Иерсиниоз
Вирус таралған ортадағы адамның ең алдымен асқазан-ішек жолдары зақымдалады. Ағзада жалпы уланудың белгілері білініп, тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылады. Яғни адам уақытша сал болып қалуы мүмкін. Ең қауіптісі бауыр мен бүйректің жұмысын бұзатындығында. Инкубациялық кезеңі 15 сағаттан 8 тәулікке дейін барады. Яғни осы уақыт аралығында адам өзінің ауру жұқтырғандығын сезбей қалады. Өршіген кезде дене қызуы өте жоғары болып, қалшылдау, құсу, бас айналу, асқазан мен іштің төменгі бөлігінің ауырсынуы, іштің өтуі, бастың ауыруы сияқты белгілер білінеді. Қазақстанда мұндай ауруға шалдығатындардың қатары әсіресе жазда күрт көтеріледі екен. Статистикалық деректердің басында Оңтүстік көш бастайды. Себебі өңір ыстық, нулы-сулы жерлерден бөлек лас орындар жетіп артылады. Ауырған адамдар жазылады. Емнен кейін иммундық жүйе едәуір жоғарылайтындықтан, екінші рет ауыру мүмкіндігі болмайды, тіркелмеген.

Мелиоидоз
Географиялық ерекшелік бойынша дерт көбіне Азия елдерінде көп таралған. Қоздырғышты жұқтырған адамның өлім құшуы да ғажеп емес. Кеміргіштерден бөлек, өзге де үй жануарлары да ауырады. Аурудың алғашқы белгілері: бауыр, бүйрек, өт жолдары мен өзге де жұмсақ тінді ағзаларды зақымдайды. Тері қабатында жаралар пайда болып, күлдірейді. мүмкін. Ең қауіптісі, өкпе қызметін бұзады. Қоздырғыштары тыныс жолдарына өтіп, өкпені ісіріп немесе кептіріп жібереді. Нәтижесінде адамға ауа жетпей қайтыс болуы мүмкін, сондықтан бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
Жоғарыдағы келтірілген дерттің атаулары әрі де жалғаса береді. Себебі тізім жиырмадан асып жығылады. Назарыңызға ең қауіпті дегендерін іріктедік. Сондықтан үнемі гигиеналық талаптарды қатаң ұстап, кеміргіш атаулыдан ертерек құтылудың амалын іздестіргеніңіз жөн.

Құтылудың амалы бар ма?
Бүрге мен бит деген жәндіктер бар. Бұлар да тышқанның терісін мекендейді. Жорғалап өткен тышқанның үстінен түскен осы сияқты жәндіктер міндетті түрде өздеріне жаңа «қожайын» іздейді. Ол сол үйді мекен ететін адамдар мен үй жануарлары болуы мүмкін. Әсіресе төсек-орынға жақын. Жаңа иесіне тышқанның бойында бар ауруды да жұқтыра алады. Санитар мамандар мұндайда үй ішін жиі дезинфекциялап тұруды ұсынады. Бұл жағдайда тым абай болғаныңыз дұрыс. Себебі үйде кішкентай бала болатын болса, кеміргіштермен қоса сәбидің де уланып қалады. Баланың бір жерде отырмайтындығын ескеріңіз.

Үйді дезинфекциялау үшін арнайы жасақ тобын шақыртқаныңыз дұрыс. Өзіңіз тұратын жерге қарасты санитарлық қадағалау бөлімі мұндай қызметтерді ақылы түрде көрсете алады. Ал өзіңіз жасауға бел бусаңыз міндетті түрде малдәрігерлік дәріхана қызметкерінен кеңес алыңыз. Қанша көлемде, және улау уақыты мен тәртібін қатаң сақтаңыз. Себебі удың құрамындағы заттар адам ағзасының жұмсақ тіндерін бірден зақымдайды. Тыныс жолдары арқылы өкпеге, қол арқылы теріге өтіп біраз қолайсыздықтар туындатуы мүмкін. Қазір кеміргіштерге арналған удың түрі көп. Мақсатыңызға сай кеңесіп алып, улаңыз. Толық дезинфекция жасайтын болсаңыз белгілі бір уақытқа дейін үйге кіруші болмаңыз. Ал егер у құрғақ болса екі тәуліктен соң себілген жерлерді мұқият тазартып, хлор ерітіндісі қосылған сумен жуып алыңыз. Тазалық жұмыстары барысында міндетті түрде бетперде киіп алыңыз. Химиялық құрамы өте күрделі улар денсаулыққа зиянын тигізбей қоймайды.