Жас аналарға арналған алғашқы ресурстық орталық ашылды

127
фото Отырар.кз

Шымкентте балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару орталығы алғаш рет ашылды. Мұнда сәбилер арасында жиі кездесетін дерт түрлерімен күресу жолдары көрсетілмек.

Шымкентте балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару орталығы ашылды. Мұнда мамандар нәрестелер күтімі мен тамақтандыру мәселелері бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, жас аналарға 1 жасқа дейінгі сәбиіне алғашқы көмек көрсету тәсілін манекендер арқылы үйретеді.

«Бізде бұл аппарат реанимация дұрыс жүріп жатыр ма көрсетіледі. Тыныс алу жолына бетпердемен массаж жасағанда аппаратта бәрі көрініп тұрады. Манекенге қалай күш жұмсалып жатыр, Қате  қозғалыс жасаған жоқпыз ба? Бәрін көрсетіп тұрады», — дейді реаниматолог дәрігер Гүлзира Құдайбергенова.

Орталықта медициналық қызметкерлер де оқудан өтеді. Мамандардың сөзінше мұнда бүлдіршіндер үшін ең маңызды диарея, пневмония, тамақтанудың бұзылуы, анемия, төмен салмақ, тамақ-құлақ проблемалары бойынша нұсқамалар беріледі. Балаларға барынша жағдай жасалынған. Ерекше орталықты көруге келген әкім орынбасары дәрігерлерге сәттілік тіледі.

«Мұның барлығы өскелең ұрпақтың, сол өскелең ұрпақты дүниеге әкелетін аналарымыздың денсаулығы үшін. Ана мен бала денсаулығы қалыпты жағдайда дамуына бүгінгі ресурстық орталықта жұмыс істейтін дәрігерлердің біліктілігінің жоғары болуы ықпал жасайтын бірден бір дүние. Сондықтан баршаңызды мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Балаларымыз аман-есен болсын», — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Жаңа орталық сәбилер арасында өлім-жітім, ауру мен мүгедектік жағдайларын азайтуға ықпал етеді деп көзделген. Ол үшін бар жағдай қарастырылған. Ал шара аясында орталықта ем алып жатқан бүлдіршіндерге арнап ақ халатты абзал жандар сый таралғысын тарту етті.