Азық-түлік өнімдерін өңдеу саласының маманы Дина Исабекова енді мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналаспақ. Жекеменшік кәсіпорындарда еңбек заңы сақталмайды дейді бойжеткен. Еңбек өтілі 2008 жылы басталған ол енді жұмысқа орналасатынына сенімді.

Дина Исабекова, қала тұрғыны:  «Алдын консервілеу кәсіпорнында жұмыс істедім. Сосын Шардара балық зауытында технолог болып  жұмыс істедім. Соңғы жұмыс орным «Тау» минералды су  шығаратын  мекеме. Онда 12 сағаттан, демалыссыз жұмыс істедік. Қазір қабылдауда мамандар жұмыспен қамту орталығына  жіберді. 800 бос жұмыс орны бар дейді».

Қабылдауға жазылған жұмыссыз азаматтардың арасында педагог мамандығы бойынша мектепке орналаса алмай әбігерге түскендер де бар.

Алмасбек Мамытбеков, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Педагогтар  өте көп. Олардың барлығын жұмысқа орналасу  мүмкін де емес. Жұмыс қажет болса, олар  қайта даярлау курстарына барып, өзге де мамандықтарды игеруі тиіс».

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында жұмыссыздарды жаңа мамандықтарға оқыту мәселесі де қарастырылған. Теміржол саласында еңбек еткен мына 50 жастағы азамат Шымкенттің индустриалдық аймағындағы жаңа кәсіпорынның біріне жұмысқа орналастырылмақ. Сала мамандары қабылдауда болғандарға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында үш бағыт бойынша жұмысқа орналасу жолдарын түсіндірді. Олардың бірқатары қала, аудандарда ашылған жұмыспен қамту орталықтарына жіберілді.