ҰБТ төңірегіндегі әңгімелер енді ғана сейіле бастағанда, қала әкімдігінің алқа жиынында оқушылардың білім деңгейі қорытындыланып, тақырып тағы да талқыға түсті. Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге Шымкент қаласы бойынша 3920 бала қатысқан. Тестілеу қорытындысының орташа көрсеткіші биыл 72,73 балды құрады. 650 түлектің жинаған балы шектік-50-балдан да төмен болып шықты. Ал Алтын белгіге үміткер 156 мектеп бітірушінің 44 -і ғана өз білімдерін дәлелдей алған. Қаланың бас педагогы мұның себебін түсіндіруге тырысты.

Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің бастығы: «Былтырғымен салыстырғанда биыл математика пәнінен шымкенттік оқышылар төмен көрсеткіш көрсеткен. Өйткені бұл жолы логикалық есептер басым болды. Үш жыл бойы бір бағдарлама бойынша дайындалып келген түлектер биыл мүлдем басқа бағдарлама бойынша тест тапсырды».

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ең төмен көрсеткіштермен 21,24,84,57,37,19,30,39,51-ші мектептер сынға ілікті. Қаладағы №21 орта мектептің басшысы мұндай сәтсіздіктің өз себептері бар дейді.

Анармет Оразов, №21 орта мектептің директоры: «Біз 12 -не білім және ғылым министрілігіне қарасты тестілеу орталығынан құжат алдық. Онда өзбек, тәжік тілінде дәріс алатын мектептер биыл ҰБТ қатысады деп жазылған болатын. 25-ші сәуірге дейін тиісті құжаттарды тапсыру жөнінде тапсырма да келді. Біз тез арада ата-аналармен жиналыс өткіздік. Осыған дейін біздің мектептің оқушылары төрт пәннен емтихан тапсырып, кешенді тестілеуден өтетін. Аз уақыт ішінде дайындалу мүмкін болмады. Балалар өз тіліне аударып дұрыс жауап іздегенше уақытын жіберіп алды».

Тестілеудің қорытындысы бітіруші ұл-қыздар және ата-аналарды есеңгіреткені рас. Жылдан-жылға дауға ұласып бара жатқан науқан қала басшысын да бей жай қалдырмапты.

Қайрат Молдасеитов, Шымкент қаласының әкімі: «Оқу озаттары өз білімдерін дәлелдей алмаған. Мектептерде  сыбайластық жемқорлық. Бестік бағаны өтірік қойған ғой мұғалімдер. Биылғы көрсеткіш өте төмен. Ол бойынша жазаға тарту емес, ал дұрыс шешім қабылдап, кемшіліктерді жою. Шымкент- облыс орталығы емес пе,  білім бізде үлгі тұтарлықтай болуы тиіс».

Талқылаудан соң қала әкімдігі биылғы сынақтың қорытындысы жайлы есепті негізге ала отырып, қаулы қабылдады: бөлімге қарасты білім мекемелерінде білім сапасын инновациялық тұрғыда стандарттық деңгейде жүргізілуін қамтамассыз ету, 9-11 сыныптарға дәріс беретін мұғалімдердің қайта даярлау орталықтарында білімдерін жетілдіріп, 47,65,23,80 мектептердің базасында оқушылары жоғары нәтижеге жеткен мұғалімдердің іс тәжірибелерін жинақтап, таратылсын. Осы талаптардың қалай орындалғаны кезекті ҰБТ-де анық белгілі болады.

Биылғы ҰБТ-да ең  жоғары 93,0 және 75,0 балл аралығында үздік мектептердің қатарына  №47,23,80,1,9,46,25,26,45,40,38,65,7 білім мекемелері бар.  Шымкент қаласы ҰБТ қорытындысы бойынша облыс бойынша 2-орынға ие болды.

Қала мектептерінің арасындағы ең төменгі орташа көрсеткіш -51,9 балды №21 жалпы орта мектеп бітірушілері көрсеткен.  Шымкент қаласында  ұлттық бірыңғай тестіні тапсыру 2012 жылғы маусым айының 1-9 күндері аралығында арнайы құрылған 3 тест орталықтарында өткізілді.