Қорғаншы мен қамқоршыны жәрдемақысынан айыру оқиғасы Төлеби ауданда анықталды. Аудандық білім бөлімінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап бағу үшін жәрдемақыны тағайындау барысында бірқатар қолданыстағы заң талаптарының бұзылуына салаға жауапты мамандар жол берген.
Төлеби ауданы прокурорының аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі Нұрболат Байзақовтың мәліметінше, сөз етіп отырған құқықбұзушылықтың салдарынан, 2012 жылдың қаңтар айында кәмелетке толмаған 116 бала қамқоршысының дербес шотына тиісті жәрдемақы аударылмай қалады. Сөйтіп, олардың конституциялық құқықтары өрескел бұзылған.
Ал қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап-бағуға жәрдемақы төлеуді тоқтатуға әкеп соғатын жағдайларды қоспағанда, оның туған айын қоса отырып, қамқорлыққа алынушы он сегіз жасқа толғанға дейін төленеді және ағымдағы айдың 15-күнінен кешіктірмей қорғаншылардың немесе қамқоршылардың дербес шоттарына ақша қаражатын ай сайын аударуы тиіс.
Аудандық прокуратураның қолданған прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде кәмелетке толмағандарға 1 860 700 теңге жәрдемақылар төленген.