Қазығұрт ауданының ірі қаралары белгісіз дерттен өліп жатыр. Қазір сондағы Рабат ауылында бірнеше сиыр омақаса асқан. Сауын сиырларынан айрылған жергілікті тұрғындар кеселдің неден келгенін білмей дал.
Қапыда жүріп сауын сиырынан айрылып қалған Рабат ауылының тұрғындары Раевтар әулетінен қазір маза кеткен. Мал ашуы жан ашуы емес пе? Еш себепсіз арам қатқан ірі қарасының теңкиген жатысына қараған сайын күйінеді. Бір күннің ішінде су мен шөптен бас тартқан сиырдың өлу себебін малдәрігерлері де таппай, әртүрлі болжам жасаған.
Қалыбек РАЕВ, Рабат ауылының тұрғыны: «Олар айтады, жақпас нәрсе жегеннен іші тоқтап қалған дейді. Біреу ішіне целлофан кеткен дейді. Біреу кене шаққан дейді. Әзірге, кене шаққан деген диагнозбен тұр. Нақты диагноз жоқ. Бүгін өлген сиырдың құлағын ауданға кесіп алып кетті. Бұл инфекционный емес дейді. Инфекционныйда оның аяқтары қатып қалмайды дейді. Ал мынаның аяқтары қатып қалған дейді».
Өлген мал — өлді. Енді екінші сауын сиырын аман сақтап қалуға үй қожайындары барын салып жүр. Оның да тұмсығы жер иіскеп, мазасы кете бастаған. Ал мал дәрігерлері бар кінә тұрғындардың өздерінде дейді.
Ерсейіт ӘМІРСЕЙІТОВ, Қазығұрт аудандық малдәрігері: «Әр 15-20 күн сайын малдарды қажетті дәрімен дәрілеп тұру қажет. Ал бұл азаматтар іріқараларына дәрі бермек түгілі, олардың ауырғандығы жайлы кеш мәлімет берген».
Мақаланы жазу барысында қос сауын сиырдың қожайындарымен телефон арқылы тілдестік. Анық болғаны сол, екінші зеңгі баба төлі де жер жастаныпты. Бейресми мәліметтерге сәйкес, онда тағы бірер мал өліпті. Ал дәрігерлер болса, кеселдің қайдан келгені туралы жақ ашпай отыр дейді Қазығұрттағы жұрт.