Аксарай сауда орны

Шымкенттік 60 отбасы аш отыруға мәжбүр. Жалақыдан қағылған жұмысшылар көмек сұрайды. Қаладан шыға берістегі Бозарық айналма жолының маңында бой көтерген «Ақсарай » сауда орнының құрылысын жүргізген құрылысшылардың жалақы алмағанына 3 жыл болған. Сенбі күні олар өздері тұрғызған ғимарат жанына кезекті рет жиналды.

Осыдан 3 жыл бұрын Шымкентте «Ақсарай» деп аталатын алып базар дәл осы маңнан бой көтереді дегенді естіген жұртшылықтың қуанышында шек болмаған. Алып базар-арманға айналғандай. Үлкен сауда орнының тек әкімшілік ғимараты ғана алыстан мен мұндалап тұр, ағарып. Онда да құрылысшылардың қажырлы еңбегіне ақы да төленбеген. Қысқасы, Ақсарайдың бүгінгі халі-дау-дамайға толы.

Ақсарайдың әкімшілік ғимаратын салған 60 жұмысшы жалақысын ала алмай әлек. Олардың арызын арқалап жүрген Рысбек Үрімбаевтың бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған.

Рысбек Үрімбаев, жұмысшылардың жетекші бригадирі: Әкімдікке де, прокуратураға да жазғанбыз. Бас прокуратураға да жаздық. Алматының, Қызылорданың прокуратурасына жаздық. Бәрі біледі осы жөнінде. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ. Мынандай уақытта айлықтарыңды аласыңдар, мынандай шара көріледі деген  шешім жоқ, айтпайды бізге. Кәрім Мәсімовке де құжаттар жинап, арыздарымды жібергем. Онда да хабар жоқ».

Үміті үзілгендердің бірі күзтеші Шынарбек Рахманбердиев. Ала алмаған 15 айлық жалақысына сеніп, үйін тігіп, қарызға қомақты несие де алған. Соңында баспанасынан айрылып отыр. Бір жылдан бері осы алып базардың әкімшілік ғимаратын отбасымен бірге паналауда.

Шынарбек Рахменбердиев, күзетші: «Айлығыңды екі-үш күнде береміз дегеннен соң, осыларға сеніп, «Иса» ломбардынан үйімді тігіп, 450 мың теңге алдым. Үстеме ақысын төлей алмай, үйім өтіп кетті, солардың қарамағына. Енді міне, бір жылдан бері бала-шағаммен бірге осы ғимаратта тұрмын. Айлығымды алғанша осында тұрамын. Алты бала-шағаммен басқа қайда барамын. Береміз дейді, бірақ кім береді, қалай береді, қашан береді-оны тек алла біледі».

Ал құрылысқа жауапты Қорқыт құрылыс компаниясының бастығы Қабыл Қуатбеков үкіметке салық төлемегені үшін сотты болып кеткен. Оның сенімді өкілі Батырхан Бабахановтың айтуынша, өзі де жалақысын ала алмай келеді.

Батырхан Бабаханов, сенімді өкіл: «Үш жыл болды 60 жұмысшымыз жалақы алған жоқ. Күнде қоңырау шалады маған. Мен директордың міндетін атқарушы едім, қазірде сол. Менің де айлық алмағаныма үш жыл. Оны да бермейді».

Жұмысшылардың талабы дұрыс. Еткен еңбектері адал. Бала-шағаларының нан таппай шырылдап отырғанын көрдім, көзіммен, бірақ қолымнан келер шара жоқ дейді, сенімді өкіл.

Батырхан Бабаханов, сенімді өкіл: «Сіздер маған «айлық алдым» деп жазып беріңіздер, мені прокуратура тексеріп жатыр дейді бастығымыз. Сен бірінші айлықтарын бер, күнін қояйық, содан кейін жазып береміз дедім. Бермеген нарсені қалай берді деп жазамыз десек, онда «Сендер сотқа бересіңдер ме, отқа бересіңдер ме, мен сендерге 5 теңге де бермеймін» дейді бастығымыз. Ал «HAS-ER» ол тапсырыс беруші компания, қалай біз олардан жалақы бер деп сұраймыз».

Ақсарай бой көтеріп, қарық боламыз деген халықтың да үміті ақталмады. Отағасының 3 жылдық жалақысын ала алмай 60 отбасы отыр. Осы уақыт ішінде арнайы жасалған сараптама қағаздары мен құжаттарды арқалап, сенімді өкіл мен жұмысшылардың жетекші бригадирі талай орынға, бас қалаларға да барды. Алайда, нақты жауап жоқ.