Арыс қаласында соңғы алты айда қылмыс жасау былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға өскен. Әсіресе, ауыр және аса ауыр қылмыс саны 85 пайызға артыпты. Кәсіпкерлікті қолдау саласы да жетісіп тұрғаны шамалы. «Бизнестің жол картасы» және «Индустриаландыру картасы» бағдарламалары бойынша тек бір-бірден ғана жобалар іске асырылған. Мұндай мәліметтер бүгін Арыс қаласы әкімі Қанат Сыдықовтың 2012 жылдың алты айында атқарған ісі бойынша берген есебінде айтылды.
Артта қалған алты айда Арыстықтар ішкі түсімді 23 пайызға арттырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді артығымен орындап тастаған. Қала әкімшілігінің қазір облыстағы құрылыс басқармасына назы бар. Өйткені, олар мөр басып, қол қойған нысандар бүгінде сапасыз салынып жатыр.
Қанат СЫДЫҚОВ, Арыс қаласының әкімі: «Арыста салынып жатқан дәрігерлік амбулаториялар сапасыз салынуда. Мұнда тапсырыс беруші денсаулық сақтау басқармасы, ал әкімшілік жағынан қадағалаушы құрылыс басқармасы. Мердігерлерді жауапқа тарту мәселесін құрылыс басқармасына тапсырдық. Дегенмен, қанша ретескерту берілгенімен көріліп жатқан шара жоқтың қасы».
Арыстағы ақсап тұрған істің тағы бірі кәсіпкерлікке қатысты. Яғни, «Индустрияландыру картасы» бойынша осы жарты жылдықта 4 жоба іске қосылуы керек болса, соның бүгінде 1-уі ғана жүзеге асқан. Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы да мандытып тұрған жоқ. Мұнда да атқарылуы тиіс 12 жобаның біреуін ғана іске асыру мүмкін болыпты.
Дәулет ҚАСЕНОВ, Арыс қаласы әкімінің орынбасары: «Кәсіпкерлердің құжаттарын рәсімдеуде көп қиыншылықтар туындауда. Яғни бір кәсіпкердің құжатын банкіден өткізу 2-3 ай уақытты алып жатыр».
Әкім орынбасарының бұл жауабына облыс басшысы келесідей тіл қатты. «Неге басқа аудандардың динамикасы бөлек онда. Ал Арыс қаласы бойынша бір-ақ жоба іске асырылған. Жарты жыл өтіп кетті, қаржы болса жатыр игерілмей», — деді А.Мырзахметов.
Арыста қазіргі күні 43 мың гектар егістік алқап болса, соның 20 мың гектары игерусіз жатыр. Алты айлық қорытындыда мәлім болған мәліметтің бірі осы. Шаһар басшылығының айтуынша, онда қазір 2 өзекті мәселе бар. Бірі Балапан бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жәйі келмей жатса, екіншісі қаладағы электр желілерінің қалпына келтіруге ақшаның жеткіліксіздігі.