Шымкент зообағына осыдан 1 жыл бұрын Алматыдағы жануарлар бағынан әкелінген керіктің 2 жасқа толуын мұндағы мамандар тамашалаушылармен бірге атап өтті. Керік 6-шілде күні туылған. Сондықтан оған «Астана» деген ат берілді. Шөптесін өсімдіктермен қоректенетін ұзын мойынның туған күніне орай арнайы жеміс-жидек торты әзірленген. Тағамды әзірлеуге 15 келі жеміс-жидек жұмсалды.
Зообақтағылар жануарға аса ұқыптылықпен қарайды. Өйткені 14 жыл бойы мұнда керік тұрақтамаған. Ал жылы жаққа жайғасқанына жыл толған мына жұптұяққа жеріміздің жаққаны жүзінен байқалады. Бойының да біршама өскенін мамандар мақтанышпен жеткізді.
«Астана керіктің» суреті жапсырылған плакатқа балғындар тілектерін жазып қалдырды. Зообақтағы барлық жануарға биіктен қарайтын паң керік 2 жылдан соң «отау» құрады. Ұзын мойынның аналығы әкелініп, бұл жануардың санын арттыру жоспарланып отыр.