дәрігер Зарипа Оспанова

Көше бойында сатылып жатқан қауын-қарбыз – адам өміріне қауіпті! Самсап тұрған бақша өнімдерімен қоса сақтау тәртібі бұзылған сусындар мен балмұздақтардың кесірінен тұрғындар арасында асқазан, ішектің дерттері көбеюде. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына күніне жүздеген адам келіп, олардың жартысынан астамы сол күні-ақ ауруханаға жатқызылуда.

76 жастағы Төлепберген Салыбеков ауруханаға кеше түскен. Қарбыз жеген қарттың мазасы қашып, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты. Жедел ішек инфекциясы диагнозы қойылған қарттың бүгінгі жағдайы бірқалыпты.

Төлепберген Салыбеков, емделуші: «Дарбыз жеген едім. Содан басым айналып, журегім айнып, мазам қашты. Тұрып қалған-ау деймін. Бір сағаттан кейін құса жөнелдім. Қазір құдайға шүкір, жағдайым жақсы. Бірақ, әлсіреп қалыппын. Есімді жинап алдым».

Жыл сайын мұнда жаз мезгілінде бос орын жетіспей жататын. Биыл да солай. Шілденің шіліңгір ыстығында күніне жүз науқас шағымданып келсе, соның 60-ы ауруханаға жатқызылуда.

Зарипа Оспанова, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Ересектер арасында қауын-қарбыз, яғни бақша өнімдерін жеп, келіп жатқан науқастар жетеді. Қарбызды алған соң, оның сыртын жылы сумен шайып, ішін жарып, таза пышақ қолдану керек. Жартысын қазір, қалғанын ертен жимін дегендер біздің аурухананың төрінен бірақ шығып жатыр. Әр адам гигиенаны сақтаса, қарбыздың да пайдалы жағы көп».

Көшенің кез-келген қиылысында қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Қайда және қашан пісіп жетілгені белгісіз бақша өнімін жеудің соңы аурухана төсегіне әкеліп жатса да бас тартпаймыз жасырын емес. Бұған қоса кейбіріміздің қарбыздың жартысын ертеңге қалдыратынымыз да бар. Ал мұның соңы жедел ішек инфекциясына алып келеді дейді мамандар.

Жаз айларында күрт өршіген дерттермен күресті әркім алдымен өзінен бастауы керек дейді дәрігерлер. Қауын-қарбыз, самса секілді көшеде сатылатын дәмдерді пайдаланудан аулақ болып, газдалған сусынды аз ішкен абзал.